Мазмұнға өту
· 13 қаралым

Шетелде жасырынып жүргендер ұсталды

Бірі жер алып беруге уәде етсе, екіншісі жұртты тонаған. Ал үшіншісі шетел азаматын алдап соққан. Өзгелердің обалына қалып, Біріккен Араб Әмірлігінде тайраңдап жүрген үш адам Қазақстанға экстрадицияланды. Бас прокуратура таратқан мәліметке қарағанда, күдіктілердің біреуі жәбірленушіні Астананың төрінен халықаралық орталық салатын жер алып берем деп басын айналдырған. Сөйтіп, оның 368 мың долларын қолды қылған. Сезікті тек алты жылдан кейін ұсталып отыр. Ал екіншісі Алматыда бар-жоғы 100 мың теңгенің затын ұрлап, адамдардың денсаулығына зиян келтірген. Ал тағы бірі Қытай азаматын сан соқтырып, 24 мың долларын қалтаға басып, қашып жүрген. Қазір үшеуіне қатысты тергеу қайта басталыпты.

ЕРЛАН ЖАНПЕЙІСОВ, ҚР БАС ПРОКУРАТУРАСЫНЫҢ РЕСМИ ӨКІЛІ:

Аталған тұлғалар қылмыс жасағаннан кейін қылмыстық қудалау органдарынан жасырынған, осыған байланысты халықаралық іздеуге жарияланған. Кейіннен олардың Біріккен Араб Әмірліктерінің аумағында жүргені анықталып, Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының сұрау салуы бойынша елге экстрадицияланды. Қазіргі уақытта барлық күдіктілер тергеу изоляторына қамалды, сотқа дейінгі тергеп-тексеру қайта басталды.

← Барлық жаңалықтар