Мазмұнға өту
· 15 қаралым

Балабақша кезегін қайта қарау керек!

Құжатта бар, ал іс жүзінде жоқ! Елімізде кейбір жекеменшік балабақшалар бүлдіршіндерді өтірік тіркеп, бюджеттен бөлінетін қаражатты қалталарына басып отыр. Бұл жүйеге ашықтық керек деген халық қалаулысы Ләззат Қожахметова Оқу-ағарту министріне депутаттық сауал жолдады. Оның айтуынша, мемлекеттік бөбекжайға орналасып, кезекті тез жылжыту үшін ең алдымен баланы жекеменшік балабақшаға беру керек. Ал оны төлеуге қалтасы көтермейтін ата-аналар жекеменшік орталықтың иесімен келісіп, бүлдіршінді тек қағаз жүзінде тіркеп қояды. Мұнда екі жақ та ұтады. Яғни баланың күту парағында орны сақтаулы тұрады. Ал мектепке дейінгі ұйым ваучер арқылы мемлекеттен берілетін тиын-тебенді өздеріне аударып, пайда көреді.

ЛӘЗЗАТ ҚОЖАХМЕТОВА, ҚР ҚҰРЫЛТАЙЫНЫҢ ДЕПУТАТЫ:

Күту тізіміне тұру үшін баланы алдымен басқа балабақшаға тіркеуі тиіс. Соның салдарынан мемлекеттік балабақшадан орын күткен ата-ана баласын көбіне жекеменшік мекемеге тіркеуге мәжбүр. Нәтижесінде бала бір балабақшада тіркелгенмен, іс жүзінде басқа балабақшадан орын күтеді. Бұл жерде егер бала балабақшаға бармаса, мемлекет ол үшін ваучерлік қаржыны не үшін төлейді деген маңызды сұрақ туындайды. Мәселені кезек тұрғысынан емес, мектепке дейінгі білім жүйесінің тиімділігі тұрғысынан қарастыру қажет.

← Барлық жаңалықтар