Мазмұнға өту
· 17 қаралым

Рухани дипломатия: Астанада алқалы жиын өтті

Бүгін Астанада Қазақстан Республикасының Вице-Президенті — Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезі Хатшылығының басшысы Ерлан Қариннің төрағалығымен Хатшылықтың XXIV отырысы өтті. Алқалы жиын 20 елден келген 30-дан астам беделді өкілдің басын қосты. Рухани іс-шарада сөз сөйлеген Ерлан Қарин еліміздегі конфессияаралық келісім мен бірлік сияқты конституциялық құндылықтар Съездің басты миссиясымен үндесетінін жеткізді. Сондай-ақ Вице-Президент Мемлекет басшысының Съезд аясында діндердің бітімгерлік әлеуетін біріктіріп, рухани дипломатияға нақты халықаралық сипат беруге бағытталған Жаһандық бейбітшілік қозғалысын қалыптастыру жөніндегі бастамасына да арнайы тоқталды. Отырыстың қорытындысында 2025 жылы Астанада бейбітшілік декларациясын дамыту мақсатында әзірленген «Климаттың өзгеруіне қарсы күрестегі діндердің рөлі» және «Діни салада жасанды интеллектіні пайдаланудың этикалық кодексі» деп аталатын екі халықаралық құжат қабылданды. Сондай-ақ «Айықпас дертке шалдыққан балалардың құқықтары жөніндегі хартия» таныстырылды. Бұдан бөлек іс-шара шеңберінде Ерлан Қарин дін өкілдерімен екіжақты кездесулер өткізді.

← Барлық жаңалықтар