Мазмұнға өту
· 31 қаралым

Президент Түркияға ресми сапармен барды

Мемлекет басшысы ресми сапармен Түркияға барды. Анкара әуежайында Қасым-Жомарт Тоқаевты бауырлас елдің лидері Режеп Тайип Ердоған аса құрметпен қарсы алды. Артынша Президент сарайында ресми қабылдаудың салтанатты рәсімі өтті. Салт атты гвардия кортежді бастап жүріп, құрмет қарауылы сап түзеді. Екі елдің әнұраны шырқалып, Қасым-Жомарт Тоқаевтың құрметіне зеңбіректен 21 дүркін оқ атылды.

Салтанатты іс-шарадан кейін екі ел басшылары алдымен шағын, артынша кеңейтілген құрамда келіссөздер жүргізді. Онда сауда-экономикалық байланыстарды, инвестициялық әріптестікті тереңдету жолдарын жан-жақты талқылады. Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Түркиямен ықпалдастыққа басымдық беретінін атап өтті. Айта кетейін, Түркия еліміздің негізгі сауда серіктестерінің бестігіне және басты инвесторлардың ондығына кіреді. Екі ел тауар айналымын 15 млрд долларға жеткізуді көздеп отыр.

АСХАТ ХАСЕНОВ, «ҚАЗМҰНАЙГАЗ» ҰК АҚ БАСҚАРМА ТӨРАҒАСЫ:

Мұнай тасымалдау мен қайта өңдеу ісі де назардан тыс қалған жоқ – бұл бағытта да нақты жоспарлар бар. Алайда бәрі жан-жақты зерделеуді қажет етеді. Мәселен, түрік әріптестерімізге қоры 54 миллион тоннаға жететін ауқымды «Үлкен Жамбыл» жобасы ұсынылды. Бұл бастама үшін әлі де қосымша барлау жұмыстары қажет. Өз кезегінде, олар ұсынған жобалар әзірге бастапқы сатыда тұр. Сондықтан алдағы уақытта бәрін өзара талқылап, есеп-қисабын жасайтын боламыз.

Бүгін Анкарада Түркі мемлекеттері ұйымының саммиті өтеді. Жиын барысында осы ұйымға мүше елдердің басшылары өзара байланысты нығайтып, сауда-саттықты дамыту, көлік дәліздерін кеңейту және халықаралық күн тәртібіндегі маңызды мәселелерді пысықтайды.

← Барлық жаңалықтар