Мазмұнға өту
· 32 қаралым

Үкімет білек сыбана жұмысқа кірісті

Жолдаудан кейін әңгіме қысқа. Себебі бағыт айқын, тапсырма нақты. Бүгінгі Үкімет отырысы бір сағатқа ғана созылды. Талқылау, топшылау жоқ, үлкен істің кірпішін қалайтын кезең басталды. Премьер Олжас Бектенов салаға жауапты министрлерге жүктелген міндеттерді жіліктеп, бөліп берді. Енді ведомство басшылары келесі айдың соңына дейін нақты жоспар ұсынуға тиіс.

ҚАЙЫРКЕН ОТЫНШЫ, ТІЛШІ:

«Міндеттер айқындалды, енді тапсырмаларды орындауға дереу кірісу қажет». Бүгінгі Үкімет отырысы Президент Жолдауына арналды. Министрлер уақыт жоғалтпай шаруаға қамданып жатыр. Шенділер қай жұмысты қалай орындайтынына дейін ойластырып қойыпты. Мәселен, отырыста алғаш болып Ұлттық экономика бірінші вице-министрі Азамат Әмрин баяндама жасады. Ол ең төменгі жалақының көтерілуі туралы сөз қозғады. 2027 жылдың 1 қаңтарынан бастап сома 110 мың теңге болады. Бұл көрсеткіштер экономиканың өсімі мен инфляцияның төмендеуі арқылы жүзеге асады екен.

АЗАМАТ ӘМРИН, ҚР ҰЛТТЫҚ ЭКОНОМИКА БІРІНШІ ВИЦЕ-МИНИСТРІ:

Қажетті қаражатты бекіту және бөлу келесі 3 жылдық кезеңге арналған бюджетте көзделетін болады. Инфляцияны одан әрі төмендету мақсатында тарифтік саясатпен белсенді түрде инфляция деңгейін бақылау және төмендету бойынша іске асырылып жатқан шаралар аясындағы жұмыс күшейтіледі.

Сондай-ақ Президент тапсырмасына сәйкес, әлеуметтік қолдау тетіктері жетілдірілмек. Енді азаматтардың нақты мұқтаждығы ескеріле отырып, жәрдемақы үшін отбасылардың материалдық жағдайын объективті бағалауға баса назар аударылады. Ал жиында микро және шағын бизнесті тексеруге енгізілетін 3 жылдық мораторий де сөз болды. Алдағы уақытта маңызды тақырыпты Үкімет пен Құрылтай депутаттары бірлесіп қарап, шешім қабылдайды екен.

АЗАМАТ ӘМРИН, ҚР ҰЛТТЫҚ ЭКОНОМИКА БІРІНШІ ВИЦЕ-МИНИСТРІ:

Кәсіпкерлерді ірілендіруді ынталандыру үшін орта бизнесті дамыту жоспары әзірленеді. Құжатта ұзақ мерзімді қаржыландыру, технологиялық жаңғырту, бизнеске әкімшілік қысымды бәсеңдету тетіктері көрсетіледі.

ҚАЙЫРКЕН ОТЫНШЫ, ТІЛШІ:

Бұдан бөлек, цифрландыру мәселесі де күн тәртібіне қойылды. Алдағы уақытта су ресурстары толық заманауи жүйеге көшеді. Ал ауыл шаруашылығы жасанды интеллектіге бейімделуі тиіс. Сондай-ақ салаға жауапты ведомство аграрлық секторды жеңілдікпен қаржыландыру және отандық ауыл шаруашылығы техникасын құрастыру тақырыптарына тоқталды. Білім секторында да жаңа жобалар жетерлік. Алдағы уақытта еліміздің 20 өңірінде жаңа форматтағы мектептер бой көтереді. Министрлердің есебін тыңдаған Үкімет басшысы әсіресе инфляцияны тежеу тақырыбына тоқталды. Премьер министрлер кабинетіне 20 қарашаға дейін халықтың нақты табысын арттыруға бағытталған жоспар дайындауды жүктеді.

← Барлық жаңалықтар