Мазмұнға өту
· 21 қаралым

Үкімет білек сыбанып іске кірісті

Жолдаудан кейін әңгіме қысқа. Себебі бағыт айқын, тапсырма нақты. Бүгінгі Үкімет отырысы бір сағатқа ғана созылды. Талқылау, топшылау жоқ, үлкен істің кірпішін қалайтын кезең басталды. Премьер Олжас Бектенов салаға жауапты министрлерге жүктелген міндеттерді жіліктеп, бөліп берді. Енді ведомство басшылары келесі айдың соңына дейін нақты жоспар ұсынуға тиіс.

ҚАЙЫРКЕН ОТЫНШЫ, ТІЛШІ:

Міндеттер айқындалды, енді тапсырмаларды орындауға дереу кірісу қажет. Бүгінгі Үкімет отырысы Президент Жолдауына арналды. Министрлер уақыт жоғалтпай шаруаға қамданып жатыр. Шенділер қай жұмысты қалай орындайтынын бүге-шігесіне дейін ойластырып қойыпты. Мәселен, отырыста алғаш болып Ұлттық экономика вице-министрі Азамат Әмрин баяндама жасады. Ол ең төменгі жалақының көтерілуі туралы сөз қозғады. Бұл көрсеткіштер экономиканың өсімі мен инфляцияның төмендеуі арқылы жүзеге асады екен. Сондай-ақ алдағы уақытта Салық кодексіне де өзгерістер енгізіледі.

АЗАМАТ ӘМРИН, ҚР ҰЛТТЫҚ ЭКОНОМИКА МИНИСТРІНІҢ БІРІНШІ ОРЫНБАСАРЫ:

Бүгінгі таңда бизнес өкілдерінің ұсыныстарын ескере отырып, Салық кодексіне нақты өзгерістер пакеті әзірленді. Ірі капитал иелері үшін жоғарылатылған мөлшерлеме енгізу мәселесі халықаралық тәжірибені талдауды ескере отырып қарастырылады. Қазақстан жағдайларына барынша бейімделген тәсіл әзірленеді.

Сондай-ақ жұртты әліпбиге бөліп, ойландырып тастаған әлеуметтік төлемдер тәсілі қайта қаралады екен. Атап айтқанда, ведомство көмекке шын мұқтаж отбасыларды анықтау тетігін қарастырады. Ал негізгі міндет – мемлекеттік жәрдемді зәру азаматтарға бағыттау. Бұдан былай жауапты министрлік жасанды интеллект ведомствосымен бірлесіп, ақпараттық жүйелер базасындағы деректерге ревизия жүргізбек. Сонымен қатар азаматтардың санатын анықтау барысында табысты, кредиттік міндеттемелерді, оның ішінде ипотекалық қарыздарды бағалау тәсілдері өзгереді.

АСҚАРБЕК ЕРТАЕВ, ҚР ЕҢБЕК ЖӘНЕ ХАЛЫҚТЫ ӘЛЕУМЕТТІК ҚОРҒАУ МИНИСТРІ:

Қарашада мұқтаждық принциптерін 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап кезең-кезеңмен енгізу механизмдерін жетілдіру жұмыстары аяқталады. Биылғы желтоқсанда Отбасының цифрлық картасы екінші деңгейдегі банктердің жүйесімен интеграцияланады. Халық арасында реформаның мақсаттары және оны енгізу тәртібі туралы белсенді ақпараттық-түсіндіру жұмыстары тұрақты жүргізіліп жатыр.

ҚАЙЫРКЕН ОТЫНШЫ, ТІЛШІ:

Еліміздің денсаулық сақтау саласы да назардан тыс қалмайды. Алдағы уақытта республика аумағында су жаңа 70 медициналық нысан салынады. Сала басшысы Ақмарал Әлназарованың сөзінше, жоспарға 1700 орынға шақталған заманауи 8 перинаталдық орталық кіреді. Ғимараттар Астана, Алматы, Шымкент, Қарағанды сынды ірі өңірлерде бой көтереді. Бұдан бөлек тағы 5 қалада 750 төсекке арналған Балаларды оңалту орталықтарының іргетасы қаланады.

АҚМАРАЛ ӘЛНАЗАРОВА, ҚР ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ МИНИСТРІ:

Нәтижесінде шамамен 1,8 млн шаршы метр медициналық инфрақұрылымды құру және жаңарту, стационарлардағы төсек санын 9,2 мыңға ұлғайту және жаңғырту, сондай-ақ амбулаториялық көмек қуатын ауысымына 5,3 мыңнан астам келушіге көбейту жоспарланып отыр.

Ал министрлердің баяндамасын мұқият тыңдаған Олжас Бектенов оларға бірқатар тапсырма жүктеді. Әуелі ведомство басшылары Жолдауда айтылған дүниелерді орындау үшін нақты жоспар ұсынуы тиіс. Бұдан бөлек, премьер инфляцияны тежеу, халықтың нақты табысын арттыру және азық-түлік бағасының негізсіз өсуіне жол бермеу жөнінде міндеттеме бекітті.

ОЛЖАС БЕКТЕНОВ, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ:

Президент жариялаған ауқымды халықтық құрылыс бағдарламасы экономиканың барлық саласында түбегейлі инфрақұрылымдық реформаларға жол ашады. Жалпыхалықтық жоба жұмыспен қамту деңгейін арттырып, азаматтардың әл-ауқатын жақсартуға үлкен серпін береді. Бұл жолдау алдыңғы кезеңге арналған мазмұндық тұрғыдан ең ауқымды бағдарламалық құжат. Оны жүзеге асыру үшін нақты іс-қимыл жоспарын әзірлеу керек.

ҚАЙЫРКЕН ОТЫНШЫ, ТІЛШІ:

Жолдауда маңызды салалардың тағы бірі – микро және шағын бизнес тақырыбы сөз болды. Президент келер жылдан бастап кәсіпкерлерді тексеруге мораторий жариялап, қазынаға қыруар салық төлеп отырғандардың арқасынан ауыр жүк түсіруді тапсырған еді. Мемлекет басшысының сөзін жауаптылар іліп ала кетті. Енді Үкімет пен Құрылтай депутаттары 3 жыл шектеу қою ұсынысын талқылайды. Бұл өзгеріске еліміздегі саудадан нан тауып отырған кәсіпкерлер қуанып қалды. Өйткені соңғы уақытта шағын бизнесте аяқ асты тексерулер көбейген көрінеді.

← Барлық жаңалықтар