Астанада «Ақ жол» демократиялық партиясынан сайланған мәслихат депутаттарының форумы өтті. Онда олардың атқарған жұмысы қорытындыланып, алдағы саяси науқанға дайындық барысы пысықталды. 29 қарашада өтетін сайлауға партия атынан 433 кандидат ұсынылған. Жиында әйелдер қанаты мен Жастар кеңесінің қызметі, сондай-ақ Құрылтайда көтерілген бастамаларды жүзеге асыру мәселелері де сөз болды.
ДАНИЯ ЕСПАЕВА, «АҚ ЖОЛ» ПАРТИЯСЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:
Президент Салық кодексі өзгермейтін құжат емес екенін тағы да атап өтіп, Үкіметке бизнестен келіп түсетін ұсыныстар мен ескертулерді ескеруді және қажет болған жағдайда жекелеген нормаларға нақты түзетулер енгізуді тапсырды. Бұл бізге партияның бұрын көтерген ұсыныстарына қайта оралып, Үкіметпен бірлесіп, проблемалық нормаларды жетілдіру бағытында жұмыс істеуге мүмкіндік береді.
НҰРЛАН ҚАЙЫРДЕНОВ, АТЫРАУ ОБЛЫСТЫҚ МӘСЛИХАТЫНЫҢ VIII ШАҚЫРЫЛЫМЫНДАҒЫ ДЕПУТАТЫ:
Өзіміздің алға қойған мақсаттарымыз – сайлаушылармен кездесіп, тұрғындардың талап-тілектерін тыңдап, жергілікті жерде нақты проблемаларды көзімізбен көріп, өзіміздің сайлауалды бағдарламаларымызды таныстыру. Біздің жалпы партиямыздың басты ұстанымы – нақты істермен айналысу. Сондықтан біз тұрғындардың талап-тілектерін, мұң-мұқтаждарын атқарушы билікке, басқа да органдарға тікелей жеткізетін боламыз.
Форум аясында еңбегімен ерекшеленген депутаттарға марапат табысталды. Олардың қатарында «Ерен еңбегі үшін» мемлекеттік медалі, «Үздік депутат» төсбелгілері және партия басшылығының алғыс хаттары бар.