Мазмұнға өту
· 56 қаралым

Президенттің Түркияға сапары жалғасып жатыр

Президенттің Түркияға сапары жалғасып жатыр. Мемлекет басшысы Түркі мемлекеттері ұйымының 13-саммитінің ашылу рәсіміне қатысты. Салтанатты жиыннан кейін Анкараның қақ төріндегі «Бештепе» саябағында Түркі әлемі аллеясы бой көтерді. Мұнда алты елдің ұлттық павильоны орналасқан. Әрқайсысы бауырлас халықтардың бай тарихынан сыр шертеді. Ал біздің еліміздің павильоны киіз үй үлгісінде жасалған. Ішкі безендірілуінде ежелгі түркі өркениеті мен сақтардың мұрасы, халқымыздың табиғатпен үндес өмір салты бейнеленген. Бұдан бөлек, Мемлекет басшыларына саятшылық өнерді паш ететін «Сақ аңшысы» композициясы мен көне жазудың алтын діңгегі – Орхон ескерткіштері де таныстырылды. Іс-шара барысында Қасым-Жомарт Тоқаев әр елдің лидерлерімен бірге ағаш екті. Жиынның көркі кешкі салтанатты концертпен ашыла түскендей! «Түркі әлемі» ансамблі мен Түркияның Президенттік симфониялық оркестрі бауырлас елдердің таңдаулы туындыларын орындады. Ал Қазақстанның халық әртісі, феномен әнші Димаш Құдайбергеннің ғажап дауысы көрерменді баурап, сахнада нағыз рухты атмосфера сыйлады! Ал дәл қазір Анкарада Түркі мемлекеттері ұйымы саммитінің басты отырысы өтіп жатыр. Күн тәртібінде – сауда, инвестиция, энергетика, цифрлық технологиялар және Азия мен Еуропаны жалғайтын көлік-логистика мәселелері тұр. Басқосудың негізгі мақсаты – ұйымға мүше елдердің арасындағы ынтымақтастықты одан әрі нығайту.

← Барлық жаңалықтар