Мазмұнға өту
· 50 қаралым

Түркі өркениетінің мұрасын сақтайтын конвенцияны қабылдау керек – Қ. Тоқаев

Бауырлас елдердің егемендігі мен ұлттық мүддесін құрметтеу – біздің мызғымас қағидатымыз. Мемлекет басшысы Түркі мемлекеттері ұйымының 13-саммитінде осылай деді. Президенттің айтуынша, Түркі жұртының бүгінде ауызбіршілігі нығайып, ортақ мақсат жолындағы ынтымақтастық жаңа деңгейге көтерілді. Осы ретте Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы саммиттің символдық мәнінің зор екенін айтып өтті. Себебі бұл жиын осыдан бір ғасыр бұрын Бакуде өткен Бірінші Түркология құрылтайының 100 жылдығымен орайлас келіп отыр. «Біз бабаларымыздың осы аманатына адал болып, түркі әлемінің ауызбіршілігін күшейту үшін жұмыла әрекет етіп келеміз», – деді Президент. Сондай-ақ Мемлекет басшысы саммит аясындағы экономикалық ықпалдастық айрықша рөл атқаратындығына сенім артатындығын жеткізді.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Біздің еліміздің Ұйымға мүше елдермен алыс-берісі биыл 10 миллиард долларға жуықтады. Ең алдымен, «Түркі әлемінің келешегі – 2040» бағдарламасын сапалы орындау өте маңызды. Осы тұста Түркі мемлекеттері ұйымының 2027–2031 жылдарға арналған стратегиясын жедел қабылдау қажет.

Бұдан бөлек, саммитте Мемлекет басшысы бірнеше бағыт бойынша ынтымақтастықты нығайту жайына тоқталды. Түркі әлемін өзара байланыстыру ісінде Транскаспий халықаралық көлік бағытының алатын орны ерекше. Биыл 9 айда Орта дәліз арқылы тасымалданған жүктің көлемі 30 пайызға артқан. Бұдан бөлек, Президент жасанды интеллект пен цифрландыру бағытына да тоқталды. Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев мәдени-гуманитарлық байланыстарды нығайту қажеттігіне тоқталып, Түркі өркениетінің мұрасын сақтау жөніндегі конвенцияны жедел қабылдауды ұсынды.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Қазақстан түркі халықтарының тарихи мұрасын зерделеу, сақтау және дәріптеу ісіне айрықша көңіл бөледі. Мен биыл Түркістанда өткен басқосуда Түркі өркениеті орталығын және дала өркениетін дәріптеуге арналған «Мәңгілік ел» орталығын құруды ұсындым. Қазір тиісті жұмыстар жүргізіліп жатыр. Осы орайда Түркі өркениетінің мұрасын сақтау жөніндегі конвенцияны тездетіп қабылдаған жөн деп санаймыз.

← Барлық жаңалықтар