Шетелден әкелінетін дәрі-дәрмектерге тәуелділікті азайту керек. Ол үшін өзіміздің препараттарды өндіруді қолға алу керек. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов айтты. Оның сөзінше, фармацевтикалық жобаларға инвестиция тартылып, жер телімдері бөлініп жатыр. Бірақ бұл – жұмыстың басы ғана. Енді сол жобаларды іске асырып, жаңа зауыттар ашу қажет. Одан бөлек, қазір жұмыс істеп тұрған өндіріс орындарын да кеңейту керек.
ОЛЖАС БЕКТЕНОВ, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ:
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, отандық фармацевтика өнеркәсібін дамыту, өндіріс көлемін ұлғайту және шығарылатын дәрі-дәрмек түрлерінің ауқымын кеңейту бағытында тиісті шаралар қабылданып жатыр. Мұның барлығы еліміздің дәрілік қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Президентіміз халыққа Жолдауында атап өткендей, өнімді терең өңдеуді көздейтін жобаларға баса мән беру керек. Сондықтан жай ғана «орап-қаптаудан» бас тартып, дәрілік заттар мен медициналық бұйымдар өндірісінің толық циклін жолға қою стратегиялық міндетке айналуға тиіс.
Жиында Үкімет басшысы фармацевтика саласындағы өзге де міндеттерді атап өтті. Оның ішінде дәрілердің сапасы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелеріне басымдық берді.
ОЛЖАС БЕКТЕНОВ, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ:
Бұдан бөлек, дәрілік заттардың тағы да бес жүзге жуық түрін шығаруды қолға алып, 1 200-ден астам тұрақты жұмыс орнын құру қажет болады. Отандық дәрілердің түрлерін көбейту, сырттан әкелінетін өнімдерге тәуелділікті азайту бағытында жұмысты жалғастыру керек. Оңтайлы бағаны қалыптастыру да — маңызды мәселенің бірі. Сондай-ақ дәрілік заттардың сапасы мен қауіпсіздігін баса назарда ұстаған жөн.