Директордың келіншегі еден жуушының шелегін тепті. Оқиға Ақтаудағы жекеменшік мектептердің бірінде болған. Басшының әйелі жұмысшыға жөн-жосықсыз соқтығып, жекіріп, су толтырылған шелегін ақтарып кеткен. Келеңсіз жағдай ғимараттағы бейнебақылау камерасына жазылып қалыпты. Қоғам дүрлігіп, желі қолданушылары бұрқыратып пікір жазған соң, дауға облыстық білім басқармасы араласты. Мамандар дереу арнайы тәртіптік комиссия құрыпты. Намысы тапталған қызметкер де қарап қалмай, полицияға арыз түсірген. Ал ашуына ерік берген директордың әйелі енді айыппұл арқалауы мүмкін.
МАҢҒЫСТАУ ОБЛЫСТЫҚ БІЛІМ БАСҚАРМАСЫНЫҢ МӘЛІМДЕМЕСІНЕН:
Облыстық білім басқармасы мектептегі келеңсіз жайттан хабардар. Аталған оқиғаның жекеменшік «Тұлпар» лицейінде болғаны анықталды. Бұл жағдайға байланысты Ақтау қаласы бойынша арнайы комиссия құрылып, оқиғаның мән-жайы жан-жақты зерделеніп жатыр. Тексеру барысында барлық тарап тыңдалып, жағдайға тиісті құқықтық және ұйымдастырушылық баға беріледі. Зерделеу нәтижесі бойынша қолданыстағы заңнама аясында тиісті шаралар қабылданады.