Мазмұнға өту
· 5 қаралым

Мал дәрігерінің жалақысы өседі

Ендігі жылдан бастап елімізде мал дәрігерлерінің жалақысы өседі. Бүгінде сала мамандарының орташа еңбекақысы 220 мың теңге болса, енді ол екі есеге жуық ұлғайып, кемінде 420 мың теңгені құрамақ. Құрылтайдың жалпы отырысында ветеринария мәселелері бойынша заң жобасы талқыланып, бірінші оқылымда мақұлданды. Депутат Серік Егізбаевтың сөзінше, бастама ветеринар дәрігерлерді кәсіби қолдап, мәртебесін көтеруге бағытталған. Бұл әсіресе ауылдық жерлерде кадр тапшылығын болдырмауға ықпал етпек. Ондай мамандарға қосымша ақы да қарастырылып отыр.

СЕРІК ЕГІЗБАЕВ, ҚР ҚҰРЫЛТАЙЫНЫҢ ДЕПУТАТЫ:

Ынталандыру мақсатында, ғылыми тұрғыдан да, мысалы, ветеринария саласында ғылыми дәрежесі болса, ол кандидат дәрежесіне 17 есептік ақша төленеді. Ол қазіргі таңда 73 мың теңгедей құрайды. Ал докторлық дәрежесі болса, 34 есептік мөлшермен төленеді. Ол 143 мыңнан қосымша айлық ғылым бағытына. Және арнайы киім-кешектер беріледі.

Құжатта ветеринария саласын цифрландыруға да басымдық берілген. Енді арнайы жүйе арқылы әрбір малдың есебі жүргізіліп, оның қайда жүргені және ветеринариялық шаралар бақыланады. Сондай-ақ мал өнімдерін сататын орындарда санитариялық бақылау күшейтілмек. Ал шаруашылық иелері болса малды сою, сату және сәйкестендіру деректерін уақытылы хабарлауға міндеттеледі.

← Барлық жаңалықтар