Түркістан облысына барып, миллион теңгеге жуық айыппұл арқалап жүрмеңіз! Әңгіме жүк көлігінің жүргізушілеріне қатысты. Күре жолдың бойындағы таразыға алып техникасын өлшеткендерге айыппұлдар бірінен соң бірі келіп жатыр екен. Электронды өлшегіш құралдан қате кете ме, әлде айналасындағылар қасақана штраф жаза ма, кім білсін, әйтеуір тізгіншілердің тиын іздеп тентіреп кететін түрі бар.
Келес ауданына өтетін мына жол бірнеше аудан мен Өзбекстанның шекарасына апаратын трасса. Арлы-берлі жүйткіген жүк көліктері қыркүйекке дейін ешқандай мәселесіз қатынап жүр. Жақын арада күре жолға электронды таразы орнатылып, іске қосылғаннан бері айыппұлдар апта сайын ағылып келіп жатыр екен. Сондағысы жүк көліктерінің тасымалдайтын заттары 44 тоннадан асып кетті деп келеді. Бірақ жүргізушілер белгіленген нормадан асырып жүк тасымалдайтын біз де ақымақ емеспіз деп отыр.
ҒАЛЫМЖАН АБДУЛЛАЕВ, ЖҮК КӨЛІГІНІҢ ЖҮРГІЗУШІСІ:
Машинам 6 осьті КамАЗ. Бізге 44 тонна положенно негізі. Ал енді мен 25 тонна жүк арттым Шымкенттен. Машинамның салмағы 17 тонна 650. Бәрі 43 тоннаға жетпейтін жүк шығады. Мына жерден өтсек 29-ы күні азанда келіп тұр штраф. Жоқ нәрсеге не үшін төлеуіміз керек?
ҒАЛЫМЖАН КЕНЖЕБЕК, ТІЛШІ:
Жол бойына орнатылған электронды таразыдан өткен жүк көліктерінің қандай заң бұзғаны таблодан бірден көрінуі қажет. Алайда ол араға 5-10 минут салғаннан кейін бір-ақ шығарады. Тіпті араға апта салып ауыр-ауыр айыппұлдар келеді.
Сорақысы сол, автоматты өлшеу құралы газель айдайтындарды да сорлатып отыр. 22 жастағы Есенғали Исабеков ештеңе тиемеген газелімен осы жерден өтіп, айыппұл арқалапты. Ең қызығы, 14 тонна жүк артып алғансың деген хабарлама келген. Жүргізуші газельге 14 тонна арту мүмкін емес деп таңғалып отыр.
ЕСЕНҒАЛИ ИСАБЕКОВ, ЖҮРГІЗУШІ:
Ол кезде жүк жоқ еді. Тура осындай пустой. Пустой келіп жатқанымды 14 тонна деп сообщение келіп тұр ғой екі аптадан соң. Мен 1-1,5 тонна артам ұзағы. Максимум 4 тонна.
Енді жүк көліктерін жалға алып жұмыс істеп жүргендер не істерлерін білмей, бастары қатып жүр. Жауаптыларға хабарласса, алмайды. Арыз жазса, төлеу міндеттеледі деп жауап алыпты. Миллиондаған айыппұлды бала-шағасының аузынан жырып төлегендері де бар. Бірақ қаншама елдің шекарасынан өтіп жүргендер ол жерде көрсеткіш тура көрсетіліп, дәл осы таразы неге қате есептейтінін түсінбейді.
ЖАНТӨРЕ ЖҰМАХАНОВ, ЖҮК КӨЛІГІНІҢ ЖҮРГІЗУШІСІ:
Төлемесең, екі есеге көбейіп ол ақшасы. Көлікті арестке қояды дей ме. Шетелдерге шыға алмайсың. Машина менікі өзімдікі болмаған соң, маған хозяин айтады «мынаны төле» дейді. Арендама ақша жетпей тұр ғой, бұған ақша жетпейді 778 мың теңге. Жемеген нәрсеге төлегеніңе күйінесің.
Ал жауаптылар автоматты өлшеу құралдарының жұмысы тиімді деп отыр. Адами факторды қажет етпейтін құрылғы арнайы рұқсат алған соң орнатылған деп шаң жуытпады. Қазір таразы «ҚазАвтоЖол» мекемесінің теңгерімінде екен. Ал олар құрылғыдан ақау шыққаны туралы айтпады деп отыр. Жалпы өңірде 6 осындай өлшеу станциясы жыл басынан бері 1 млрд 200 млн теңге айыппұл салыпты.
ЕРБОЛ АХМЕТОВ, ОБЛЫСТЫҚ КӨЛІКТІ БАҚЫЛАУ ИНСПЕКЦИЯСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:
Келес ауданындағы автоматты станция бойынша 220 млн-дай айыппұл салынды. Соның 70 млн-ы бүгін өндіріліп отыр. Оларға нұсқама жібердік. Нұсқаманы 7 тәулік ішінде жеңілдетілген түрде 50 пайызын төлеуге құқылы. 50-ден бас тартқан жағдайда жеке сот орындаушыларына жіберіп, мәжбүрлеп өндірілетін болады.
Бұл мәселе үкіметте де қаралды. Премьер-министрдің орынбасары Серік Жұманғарин төрағалық еткен жұмыс тобының отырысында отандық және шетелдік жүк тасымалдаушыларға қатысты жол ақысы мәселесі көтерілді. Сонымен қатар қозғалысты цифрлық құрал арқылы бақылауды күшейту керек дейді. Осының аясында бизнес өкілдерінің мүддесін ескере отырып, ұсыныстар әзірлеу тапсырылды. Енді жүк көлігінің жүргізушілері талаптарының ескеріліп, жөнсіз айыппұл салынбаса деп талап қойып отыр.