Үйден шығарылған қоқыстың қайда кеткені енді қадағаланып отырады.
Бірыңғай цифрлық жүйеде қалдықтың қай жерде жатқаны, қайта өңдеуге немесе арнайы орынға төгілгені, көмілгені көрініп тұрады. Арнайы платформада қоқысты шығарған ұйым, оны тасымалдаған көлік пен қабылдаған нысан туралы мәлімет енгізіледі.
Платформа 2026–2030 жылдарға арналған қалдықтардың барлық түрін басқару тұжырымдамасы аясында қолға алынып отыр.
Жомарт Әлиев, ҚР Экология және табиғи ресурстар министрінің орынбасары: «Қазір қалдықтарды басқарудың бірыңғай цифрлық платформасын құру жұмысы жүріп жатыр. Ол қоқыстың қайдан шыққанын және қайда жеткізілгенін, яғни жиналған сәтінен бастап қайта өңделгенге немесе көмілгенге дейін бақылауға мүмкіндік береді. Әр қалдық түріне оны жинау, тасымалдау, сұрыптау, қайта өңдеу және кәдеге жарату тәртібін айқындайтын нақты талаптар әзірленеді. Тағы бір маңызды міндет — қалдықтардың түрі мен көлемін толық есепке алу».
Қырмызы Жандос