Интернет-казино арқылы 191 миллиард теңге заңсыз айналымға түскен. Қаржылық мониторинг агенттігі ауқымды қылмыстық схеманың жолын кесті. Ведомство мәліметінше, күдіктілер шетелдік құмар ойын платформаларының заңсыз жұмысын ұйымдастырып, жүздеген төлем терминалымен қыруар қаражатты өткізіп отырған. Әр аударымнан пайызын алған ұйымдастырушылардың таза табысы 286 миллион теңгеден асқан. Олар заңсыз әрекетті жасыру үшін кәсіпкерлердің жеке деректерін пайдаланып, күмәнді аударымдарды тауар мен қызмет ақысы ретінде көрсетіп келген. Ал кейбір азаматтар өз атына терминал тіркелгенін мүлдем білмеген. Заңсыз тапқан қаражаттың бір бөлігі шетелге криптовалюта түрінде шығарылып отырған.
ЕРНАР ТАЙЖАН, ҚР ҚАРЖЫЛЫҚ МОНИТОРИНГ АГЕНТТІГІНІҢ РЕСМИ ӨКІЛІ:
Қылмысты ұйымдастырған адам қамауға алынды. Сот рұқсатымен 4 көлік және 103 миллион қолма-қол ақшаға тыйым салынды. Қылмыстық іс сотқа жіберілді. ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес өзге мәліметтер жария етілмейді.