«Оңайдың» жағдайы оңай болмай тұр. Бүгін алматылық жолаушылар таң атпай әбден әбігерге түсті. Турникеттен «Оңай» картасы өтпей, төлем жасай алмай, метроға міне алмай қалды. Қарақұрым халық тіпті онлайн аударым жасай алмапты. Онсыз да кептелісі көп қала тұрғындарына бұл күтпеген жай болған. Салдарынан көптеген жолаушы жұмыс пен сабақтан кешіккендерін айтып, әлеуметтік желіде наразылық білдірді. Ал Алматы метрополитені басшылығы таңғы сағат тоғыз жарымда жүйе жұмысы қайта қалпына келтірілгенін хабарлады. Қазір көлік картасы мен QR-төлемдер әдетегідей қабылданып жатыр екен.