Баспанаңызды жалға берерде абай болыңыз! Аяқ астынан есірткі плантациясына айналып кетпесін. Алматылық полицейлер көпқабатты үйден пәтерді арендаға алып, ол жерде қарасора өсірген 28 жастағы ер адамды ұстады. Тепсе темір үзетін жігіт есірткі бұталарының тез өнуі үшін үйдің ішінде барлық жағдайды жасап қойған екен. Пәтерді тінткен кезде құмыраға егілген 93 түп марихуана және ерекше иісі бар белгісіз зат салынған пакет тәркіленген. Бұл дерек бойынша қылмыстық іс қозғалып, күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. Тәртіп сақшылары «шөптің» қайда өткізілгенін және оны өсіруге көмектескен өзге де сыбайластарды іздеп жатыр.