Тараздағы қант зауытына қайта қан жүгіріп, қызылша қабылдай бастады. Бұған дейін өңірдегі 200-ден астам диқан өнімін 150 шақырым жердегі кәсіпорынға тасымалдаса, енді алысқа сабылмай-ақ, қалада өткізе алады. Бұған бірінші кезекте өңірдегі шаруалар қатты қуанып отыр. Себебі олар бұрын жүк көлігін жалдауға және тәтті түбірді тасымалдауға әжептәуір шығындалатын.
ТАЛАСБЕК ШЕРТАЕВ, ШАРУА:
Бізге бүгін мынау өте қуанышты күн болып жатыр. Бүгін біздің өзіміздің көптен күткен Тараз зауытымыз қосылып жатыр. Былтыр біз Меркі зауытына 7,8 теңгеден тасысақ, биыл өзіміздің Тараз зауытына 2 теңгеден тасып жатырмыз. Ол деген шаруаларға өте қолайлы болды.
Ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметінше, биыл аймақтағы 9 900 гектар алқапқа қызылша егілген. Ал бүгінде соның 22 пайызы қаладағы зауытқа жөнелтіліп жатыр екен. Небәрі екі апта ішінде өндіріс орны 15 мың тоннадан астам балтамыр қабылдапты.
БОЛАТ САҒЫНБЕКОВ, ЖАМБЫЛ ОБЛЫСЫ АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
Тараз қант зауыты осы 23 жыл бойы жұмыс істемеген болатын. Қант қызылшасымен. Міне, биылғы жылдан бастап Тараз қант зауыты қант қызылшасын қабылдауды бастады. Үшінен бастап күніне екі мың тонна қабылдап жатыр. Жақсы, жұмыс жүріп жатыр.