Мазмұнға өту
· 25 қаралым

Жем де қымбат, шөп те шығын

Ауылдағыларды айтсақ, табын сиыры тізілген, үйір жылқысы жүгірген, отар қойы өрісте өсіп, қорасында қораз шақырған жандар келеді көз алдымызға. Бірақ, қазіргі картина біз ойлағандай емес. Жайылым жерлері тарылып, шығынға белден малынып отырған елді мекендер бар. Қорадағылардың қыстық қамын жасау да арзан емес қазір. Жемін түгендеп, суын тасу үшін де біраз шығындалуға тура келеді. Қысқаша айтқанда, қазір қаймақ асап, майға нан батырып жеу үшін де миллиондар жұмсалады. Мәселен, бидайдың бір тоннасы 100 мың теңгеге тұрақтапты. Жағдай осылай жалғаса берсе, ет пен сүттің құны аспанға шарықтап, шырғалаңға салмай ма? Салаға жауаптылар бұл сергелдеңді болдырмас үшін қандай амалдарды қарастырып жатыр? Мал ұстап, ет шығарған ағайынның жайы қалай?

ҮСЕН АСТАНА, ТІЛШІ:

Қыс жақындаған сайын ауылдағы тіршілік те қыза түседі. Шаруалар қорадағы малдың азығын дайындап, жем-шөбін түгендеп жатыр. Өйткені қыстан мал аман шықса, шаруаның да еңбегі ақталады. Ал малдың күйі кетсе, оның зардабы дастарқанға да тиеді. Ет пен сүт азайып, бағаға әсер етуі мүмкін. Биыл шаруалар 6 айлық суық мезгілдің қамын қалай жасап жатыр? Мал азығы жеткілікті ме? Көріп қайттық.

Жем-шөп мәселесінің қаншалықты күрделі екенін көзбен көру үшін Ақмола өңіріндегі ағайынға арнайы ат басын бұрдық. Онда ата кәсіпті серік етіп, он жылдан бері тыным таппай жүрген Аян есімді шаруамен жүздестік. Таң атысынан кеш батысына дейін малдың қамымен жүретін азамат биылғы көктемнің оңай тимегенін ашына айтты. Ірі қара былай тұрсын, ұсақ малдың алдына тастайтын азық таппай, шырылдаған күндерін күрсіне еске алды.

АЯН ӘНЕШОВ, ШАРУА ҚОЖАЛЫҒЫНЫҢ ИЕСІ:

Көктемде жауын-шашын болған жоқ сосын жазда 1,2 ай ыстық болған. Сол үшін шөп өспей қалып шөп күйіп қалған көп даладағы. Соған байланысты дала шөп аз болып тұр. Осы жылы көп шабындық жерлерде шөп болмай қалып, біз көп жерлерді арендаға алдық. Сол жерлерді шауып өзіміз техникамен кіріп жинадық.

Аян ала жаздай көкке телміріп, жаңбыр жауса, бөркін аспанға атқан. Жер бетін жайлаған жаһандық жылыну біздің агросаланы да айналып өтпеген. Биылғы аптап ыстық шұрайлы жердің сөлін сорып, өрістегі жем-шөпті қуратып жіберген.

АЯН ӘНЕШОВ, ШАРУА ҚОЖАЛЫҒЫНЫҢ ИЕСІ:

Жемнің бағасы осы жылы да қымбат болып тұр. Жауын шашын нөсер болған жоқ. Осы жылы бидайдың бағасы 80 мыңнан 100 мыңға дейін болып тұр тоннасы. Алдыңғы жылы 55-60 мыңға алуға болушы еді. Мал ең семіретін бидай, жеммен ғана семіреді ғой. Жемнің бағасы қымбаттаса малдың шығыны да көп болады.соған байланысты қымбаттау болады еттің бағасы көктемде қымбаттайды.

Түйінді түйткілді шешудің жолы қайсы? Өмірін ауыл шаруашылығына арнаған саясаткер, агросаланың білгірі Жигули Дайрабаевтың айтуынша, елімізде жайылым тапшы емес, тек соны тиімді пайдаланатын жүйелі механизм жоқ. Бүгінде қарапайым ұсақ мал саны 20 миллион басты құраса, алдағы төрт жылда бұл көрсеткішті 28 миллионға жеткізу көзделген. Алайда жем-шөп базасы берік болмай, мал басын көбейту құмға су құйғанмен бірдей. Талап бар, ал оны азықтандыратын қамба бос болса, жоспардан не қайыр?

ЖИГУЛИ ДАЙРАБАЕВ, «ҚАЗАҚСТАН ФЕРМЕРЛЕРІ ҚАУЫМДАСТЫҒЫНЫҢ» БАСҚАРМА ТӨРАҒАСЫ:

Ең алдымен біз мына сол жануарлардың мал шаруашылығының азық-түлік мәселесін бірінші кезекте шешуіміз керек. Ол үшін Бізде мемлекетте потенциал бар, біздің мынау ауыл шаруашылығы мамандары, эксперттер болғасын есептейміз. Жаңағыдай малдың басын көбейту үшін, бізге кем дегенде бір 10 млн гектар жерде көпжылдық шөптер егуіміз керек. Мынау жаңағы мал азығын дайындау мәселесін дұрыстап қатты қолға алуымыз керек. Мысалы ауыл шаруашылығы министрлігі айтып жатыр, 4 млн гектар жерге көпжылдық шөп егеміз деп, мысалы ол аз.

Баяғыдай ауыл-ауылды жағалап, дәулетті бай-бағландарға қол жайып шөп іздейтін дәуір артта қалды. Заман ағымымен бірге ауылдағы ағайын да интернет игілігін көріп, онлайн тапсырыс беруге көшкен. Бірақ виртуалды нарықтың да өз «қармағы» бар. Сауда алаңдарын шолып шықтық: құнары мен қуаты жоқ жұтаң шөптің өзі 10–12 мың теңгеден басталады. Ал төрт түліктің қоңын көтеріп, бойына қуат беретін сұрыпты шөптің бағасы 14 мың теңгеден түсер емес. Салыстырып көріңіз: былтыр дәл осы сапалы азықтың құны 12 мың теңге шамасында еді. Баға шарықтап барады. Бұл виртуалды базардың тізгіні кімнің қолында? Мәселенің төркінін білу үшін сатушылардың өзіне хабарласып көрдік…

Телефонмен сөйлесу:

– Алло.

– Алло, Ассалаумағалейкүм!

– Уағалейкүмассалам!

– Хабарландыру бойынша хабарласып тұр едім. Шөп керек еді, малға шөп.

– Қай қаладан?

– Астана ғой осы Астана.

– Астана қаласының өзінде бағасың ба малды?

– Жоқ, шет жақта Қояндыда.

– 14.000 тг болады ғой рулон. Доставкамен болса 15.000.

– Қымбат емес пе? Көптеу алсам арзандатып бермейсіз бе?

– Қанша алсаң да сол ғой, биыл онсыз да шөп аз болды.

Естіп тұрсыздар, жағдай осы. Биыл шөп шықпай, көктей солды. Мұны сәтімен пайдаланған алыпсатарлардың қарасы көбейіп, бағаны шарықтатып жіберген. Ең сорақысы — бұл бақылаусыз базарды тізгіндейтін құзырлы орынның жоқтығы. Мәселенің ақ-қарасын анықтау үшін салаға жауапты министрлікке сауал жолдадық. Алайда ведомстводан келген жауап көңіл көншітпейді: «Нарықтағы бағаны бекітіп, қадағалай алмаймыз», — дейді. Дегенмен, «ел тарықса, резервтегі қорды ашып, шөп беруге дайынбыз» деп сендірді.

АЙДОС ЖАКУПОВ, ҚР АШМ БАСҚАРМА БАСШЫСЫ:

Негізгі сол маңыздысы мал азық қоры ғой. Мал азық қоры мысалы жылдан жылға қалып отыр.мысалы көріп отырсыз. Сонымен қатар қосымша қорда бар жаңа 200 мың тонна айтып өттім. Және өздеріңіз көріп отырғандай қазіргі таңда мал басы жайылым далада жүр. Қар жоқ қазір мысалы. Бұның бәрі экономияға тиеді да. Дайындалған қорлар биылға дайындалған, соның барлығы қазіргі таңда экономия жасалып жатыр. Сол себепті қандай да бір қауіп болады деп санамаймыз, барлығы тұрақты түрде мал қоры бар, министрлік тарапынан апта сайын мониторинг жүргізіліп отырады.

Шенеуніктердің сөзіне сенсек, жағдай тұрақты. Алайда, қағаздағы сандар мен өмірдегі шындықтың қабыспайтынын агросарапшылар ашық айтып отыр. Министрлік апта сайын мониторинг жүргізіп, «қор жетерлік» деп отырғанда, нарықтағы бағаның өсуі ең алдымен қарапайым шаруаның қалтасына, ал соңында тұтынушының әмиянына ауыр салмақ болып түседі. Жем-шөптің қымбаттауы жай ғана азық мәселесі емес, ол дайын өнімнің, сүт пен еттің өзіндік құнының шарықтауы. Бұл шаруашылыққа қалай соққы болып тиетінін сарапшы былай түсіндіреді.

ЕРБОЛ ЕРҒАЛИЕВ, АГРОСАРАПШЫ:

Бұл қымбатшылық жай ғана азық мәселесі емес, өнімнің өзіндік құнын өсіретін тікелей фактор. Әсіресе сүтті мал шаруашылығы бұл соққыны бірден сезеді. Себебі сүт күнде сауылады, ал оның үздіксіз шығынын сақтау үшін шөп, пішен, сүрлем мен астық ауадай қажет. Азық қымбаттады ма – сүттің де өз құны өседі. Мұнда үнемдеуге мүмкіндік жоқ, себебі сүттің құнары бірден құлайды. Ал етті мал шаруашылығында бұл сәл кейінірек байқалуы мүмкін. Өйткені бәрі баптау технологиясына тіреледі. Егер бордақылау қарқынды жүріп, мал күн сайын құнарлы әрі өрескел жемге байланса, жем-шөп бағасы әсте көтеріледі.

Мал азығы тек шаруаның емес, тұтас елдің дастарқанының қамы. Өрістің тарлығы мен шөптің жұтаңдығы ауылдың жылдағы жырына айналды. Оған алыпсатарлардың әрекеті қосылып, шаруаның қабырғасын қайыстырып тұр. Бұл ертеңгі ет пен сүттің бағасын да шарықтататыны анық. Министрлік арқа сүйеп отырған қор уақытша ғана тығырықтан шығарар, бірақ нақты жүйе болмаса, дағдарыс қайталана береді. Мал басын көбейтеміз десек, алдымен жайылым дауы мен жем-шөптің жайын шешу керек. Онсыз бұл түйін тарқамайды дейді саланың сарапшылары.

← Барлық жаңалықтар