Қасбеттен құлаған кірпіш астаналық фельдшердің өмірін қыршыннан қиған соң еліміздегі көпқабатты үйлердің қауіпсіздік мәселесі май шаммен қарала бастады. Бұрын тек тұрғындармен арагідік жиын өткізіп, ағайынның ұсақ – түйек тірлігімен бас қатыратын «ОСИдегілердің» қазір жұмысы қауырт. Мүлік иелері бірлестігінің төрағалары тіпті жүгі ауыр міндеттен басын ала қашып, басқа салаға кетіп жатқан көрінеді. Себебі, сан жылдар бұрын тұрғызылған кейбір ғимараттың шұрық – тесігін жамап, кейбір құрылыс компанияларының кем – кетігін түзеуден шаршаған.
Осыдан бір жыл бұрын түсірілген бейне. Үйдің қасбетінен құлаған кірпіштер 5 адамды жарақаттады. Жапа шеккендерге көмекке келген фельдшер көз жұмған болатын. Қоғамда резонанс тудырған оқиғаға қатысты сот тікелей эфирде өткен еді. Тергеушілер бұл іске сол үйдегі мүлік иелері бірлестігінің, қарапайым тілмен айтқанда ОСИ-дің төрағасы Сәуле Жұбаниязованы кінәлі деп таныды. Алайда бірнеше айға созылған процесте үкім шықпады. Судья оқиғаның мән-жайын тағы бір тексеріңдер деп қосымша тергеуге пәрмен берді. Осы оқиға тұрғын үйлерде сервистік қызмет көрсететіндерді шошытып қойды.
АЙНҰР МУСИНА, МҮЛІК ИЕЛЕРІ БІРЛЕСТІГІНІҢ ТӨРАЙЫМЫ:
Мен тұрғындарға жаздым, айттым, мен ертең мұндай жауапкершілікті өз мойныма алғым келмейді деп. Менің екі балам бар. Оларға ана керек. Сондықтан маған кандидат беріңіздер, қайтадан дауыс беріп, жаңа төрағаны сайлайық деп. Мұндай жауапкершілікті ешкім алғысы келмейді. Қазіргі таңда 3 ай болды кандидат сұрап жүргеніме. Бірақ ешкім председатель болғысы келмейді.
Елдегі мүлік иелері бірлестігін басқарып отырғандар арасында қызметін тастап кетуге дайындары көп. Себебі, ғимаратқа жалғыз өзіміз жауап бере алмаймыз дейді. Айнұр Мусина бұл іске биылғы ақпаннан бастап кіріскен. Кезінде үйді салған компанияға қарсы арыз түсірген белсенділердің бірі болған. Айтуынша, құрылыс жүргізген мекеме жұмысты толық аяқтамаса да, жұмбақ күйде ғимаратты пайдалануға беріп жіберген. Қасбеті салынып бітпегені былай тұрсын, 300-дей пәтері бар үй орталық кәріз жүйесіне де қосылмапты. Сот жұмысты аяқтауы керек деп шешім шығарғанымен, жағдайдың өзгермеген. Оның үстіне бірлестікке төлеуі тиіс миллиондаған қарызы бар. Тұрғындардың да борышы аз емес. Қоса есептегенде 14 млн теңгеден асып жығылады.
АЙНҰР МУСИНА, МҮЛІК ИЕЛЕРІ БІРЛЕСТІГІНІҢ ТӨРАЙЫМЫ:
Бізде председатель ОСИ ретінде оларға рычаг давления жоқ. Біз оларға барып, суын, жылуын өшіруге хақымыз жоқ. Сондықтан олардың айтатын сөздері де солай: мынау маңызды, мен сусыз, жылусыз қала алмаймын. Сіздер тоса тұрасыздар. Менің өзімнің жағдайларым бар, проблемам бар. Сол кезде отырасың да ойлайсың. Қалай заң жазылған? Енді жарайды, оны принудительный взысканиеге беріп жатырмын. Ол тоже ОСИ-дің қаражаты оған кетеді.
14 млн теңгем қолда болса, шала тартылған инженерлік желілерді қалыпқа келтірер ем дейді төрайым. Ай сайын жиналатын қаражаттың өзі қарыз боп үйіліп жатқанда, үйге қажет қосымша жұмыстарға ақша жинаудың қиынға соғатыны айтпаса да түсінікті. Ертең оқыс оқиға болса, неге бірлестік төрағасы жауап беруі тиіс дейді? Жауапкершілік ортақ екенін салалық министрлік те айтып отыр.
НҰРЖАН БАЙБОСЫНОВ, ҚР ӨҚМ ҚАЛА ҚҰРЫЛЫСЫ ЖӘНЕ ТҰРҒЫН ҮЙ-КОММУНАЛДЫҚ САЯСАТЫ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАС САРАПШЫСЫ:
Заңның негізгі принципі – ол тұрғындар өз мүлкін өздері басқару. Өз үйін күтіп ұстау, ақаулардың алдын алу, алдын ала соны анықтап, қалпына келтіру шараларына атсалысу. Ортақ жалпы жиналыстарға қатысу керек тұрғындар. Сонда осындай оқыс оқиғалардың алдын алуға әрине мүмкіндіктер болады.
Мәселе тек ақша жинаумен шектелмейді. Көптеген бірлестік төрағаларының бас қатыратын тағы бір тұсы бар. Үй қолданысқа берілгенімен, оның жобалық құжаттары құрылыс компаниясында қалып қояды. Оны барынша мүлік иелері бірлестігіне бермеуге тырысатындары көп.
АГЛАЯ ТҰРЛАНОВА, ТҰРҒЫН ҮЙ-КОММУНАЛДЫҚ ШАРУАШЫЛЫҚ ИЕЛЕРІ ҚАУЫМДАСТЫҒЫНЫҢ ВИЦЕ-ПРЕЗИДЕНТІ:
Көбіне практика бойынша құрылыс компаниялары ерікті түрде бермейді. Сол үшін төрағалар сотқа жүгінеді. Бұл үйде қандай ақау бар екенін, тәуелсіз экспертті жалдау үшін оған да құжат қажет.
Құрылыс компаниялары үйге қатысты қағаздарды неге барынша жасырып қалуға тырысады? Қауымдастық өкілінің айтуынша, жер-жерде бастапқы жобаға сай келмейтін ғимараттар көптеп салынған.
«Қарапайым мысал. Үй жоба бойынша 9 қабатты болуы керек. Алайда, табысын көбейтуді күйіттейтін компания жоғарыдағы техникалық қабаттың орнына пәтерге ыңғайлап, кірпіш қалайды. Бастапқы жобадан ауытқу болғаны анықталса, салдары қиын екенін түсінеді».
Тұрғын үй қатынастары саласындағы сот процестеріне жиі қатысатын заңгерді әңгімеге тарттық. Үйдің жобалық құжаттарын бермеудің тағы бір амалы бар екен.
ЕРБОЛАТ ХАСАНОВ, ЗАҢ КЕҢЕСШІСІ:
Құрылыс компаниялары үйді салып болғаннан кейін мысалға документті бермей немесе гарантиясы өтпей компанияны ликвидацияға жіберу ол заңсыз болуы керек. Бірақ ол реттелмеген біздің Қазақстан заңнамасында. Компаниялар бар, Астана қаласында басқа қалаларда. Үйді салып болады, компанияны ликвидацияға жібереді. Документін бермейді ОСИ-ге, гарантиясын жасамайды.
Яғни, құжат жүзінде компания жоқ. Сәйкесінше, одан ештеңе өндіре алмайсың.
ОЛЖАС САЙЛАУБЕКҰЛЫ, ТІЛШІ:
Өнеркәсіп және құрылыс министрі жақында қабылданған салалық кодекс біраз олқылықты түзетуге мүмкіндік берді дейді. Бұрындары салынған ғимаратқа 2 жыл кепілдік берілетін. Енді бұл мерзім 5 жылға дейін ұзартылды. Ал тіреуіш бағаналары, қасбеті мен шатырының сапасына 10 жыл кепілдік берілуі тиіс. Нысанды қабылдап алар кезде техникалық, авторлық қадағалау ұйымдарымен қатыр, мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау, төтенше жағдайдар органдары да қол қояды. Яғни, жауапкершілік арқалайтын тараптар қатары кеңейіп отыр. Цифрландыру да бұл саладағы ашықтықты қамтуы тиіс.
ЕРСАЙЫН НАҒАСПАЕВ, ҚР ӨНЕРКӘСІП ЖӘНЕ ҚҰРЫЛЫС МИНИСТРІ:
Барлығы қағаз құжат күйінде жасалатын. Ғимаратты салып, тапсырып, бума-бума қағаздарды мұрағатқа өткізіп жіберетін. 2-3 жылдан кейін жөндеу қажет боп жатса, құжаттарды таба алмай әлек болатынбыз. Қазір біз тиісті материалдарды цифрлық форматта жүргізуді міндеттеп жатырмыз. Ертең мәселе туындағанда кімнің неге жауап беретіні айқын көрініп тұрады.
Дей тұрғанмен, тұрғын үй қатынастары туралы заңға тағы бірнеше өзгеріс енгізілуі мүмкін. Құрылтай депутаттары мүдделі тараптардың басын қосып, оңтайлы жолдарын қарастырып жүр.
ЕКАТЕРИНА СМЫШЛЯЕВА, ҚР ҚҰРЫЛТАЙЫНЫҢ ДЕПУТАТЫ:
Үйге қатысты қабылданатын шешімдердің көпшілігі тұрғындардың келісіміне байланысты. Бірлестік төрағасы тек алдын ала қабылданған жылдық жоспар аясында ғана шығындарды реттей алады. Күрделі жөндеуге ақша жұмсау үшін пәтер иелері дауыс беруі керек. Тағы бір ақылға қонымсыз жайт туралы айта кетейін. Бірлестік төрағасы үйге қатысты әлдебір мәселені анықтап, көтере бастайды. Оны тексеретін бақылаушы органдар ақыр соңында сол бірлестік төрағасына қатысты шара қабылдайды. Бұл тәртіпті өзгерту керек. Жалпы тұрғын үй қатынастары туралы заңдарға ревизия жүргізу маңызды.
Елімізде бұрынғы кооператив орнына екі түрлі басқару формасы қарастырылған: мүлік иелері бірлестігі мен өзіне-өзі тікелей қызмет көрсету. Ел бойынша жаңа тәртіпке сай қызмет көрсетуге өткен үйлердің саны 30 мыңға жуықтайды. Әлі 25 мыңнан аса нысан кезекте. Мүлік иелері бірлестігін басқару кәсіби біліктілікті талап етпейтіні белгілі. Мәселенің бір шеті осында дейді қауымдастықтағылар.
АГЛАЯ ТҰРЛАНОВА, ТҰРҒЫН ҮЙ-КОММУНАЛДЫҚ ШАРУАШЫЛЫҚ ИЕЛЕРІ ҚАУЫМДАСТЫҒЫНЫҢ ВИЦЕ-ПРЕЗИДЕНТІ:
Қазіргі мәселе төрағаларды дайындайтын кәсіби оқу орталығының жоқтығынан. Төраға медик болуы мүмкін, пенсионер болуы мүмкін, мұғалім болуы мүмкін. Сол үшін бізге оқу орталығы қажет. Ассоциацияның тарапынан біз апта сайын тегін семинар жүргіземіз. Жаңа келген төрағаларды үйретеміз.
Көпқабатты үйдің қауіпсіздігі тек бірлестік төрағасының мойнындағы міндет емес. Бұл – құрылыс компаниясынан бастап, тұрғындар мен бақылаушы органдарға дейінгі барлық тарапқа ортақ жауапкершілік. Құжаттардың қолжетімсіздігі, жиналған қарыз бен кәсіби басқарушылардың тапшылығы мәселені одан әрі күрделендіріп отыр. Жаңа талаптар бірқатар олқылықтың орнын толтыруға бағытталғанымен, олардың іс жүзінде қалай орындалатыны маңызды. Өйткені тұрғын үйдің қауіпсіздігі қағаз жүзіндегі кепілдікпен емес, сапалы құрылыс, жүйелі бақылау және ортақ жауапкершілік арқылы қамтамасыз етілуі тиіс.