Дональд Трамптың дәуірі бітті ме? Құрама Штаттардағы аралық сайлау барысы қазір шытырманға толы фильмдерден де қызық болып тұр. Ақ үй басшысының аласапыраны көп қызметі америкалықтардың алғысына бөленбеді. Бұл жолғы саяси науқанда кандидаттардың кім мықтысын анықтайтын аламаны емес, Трамптың саяси тірлігіне халықтың «тоқта» деген сигналы басымырақ секілді.
АҚШ-тағы аралық сайлау Дональд Трамп әкімшілігі үшін үлкен саяси сынаққа айналды. Дауыс беру қорытындысы Ақ үйдің соңғы екі жылдағы жұмысына америкалықтардың көңілі толмайтынын көрсетті. Демократтар Конгрестегі ықпалын күшейтіп, республикашылдардың саяси басымдығына соққы берді. Сайлаушылардың бір бөлігі үшін бұл жай ғана кандидаттарды таңдау емес, Трамп саясатына қарсылық білдіру мүмкіндігі болды.
ЭНТОНИ МОРЕТТИ, САЯСАТТАНУШЫ, РОБЕРТ МОРРИС УНИВЕРСИТЕТІНІҢ ДОЦЕНТІ:
Сайлау қорытындысынан түйген ойым: қос партияны қолдайтын халық 2026 жылдың қарашасындағы елдің жағдайын бағамдай келе, ахуал аса мәз емес екенін түсінді. Ел дамуының нақты бағыт-бағдары жоқ.
Экзит-полл нәтижелері көрсеткендей, сайлаушылардың шамамен 60 пайызы дауысын үкіметке наразылық білдіру үшін берген. Демократтар республикалықтардың дәстүрлі ордасы саналатын Оңтүстік Каролина, Техас және Канзас штаттарында да тарихи жеңіске жетіп, көпті таң қалдырды.
УИЛЛ, САЙЛАУШЫ:
Мен мұндай нәтиже күткен жоқпын. Техас, Канзас немесе басқа штаттар демократтарға өтіп кетеді деп ойлаған жоқпын, бірақ солай болды.
РОЛАНД, САЙЛАУШЫ:
Мен бұл өзгерісті қуана қабылдадым. Меніңше, бұл Трамп әкімшілігіндегі соңғы екі жылда болған оқиғаларға қатысты жауап іспетті.
Сарапшылардың пікірінше, демократтардың жеңісіне ықпал еткен тағы бір фактор – Дональд Трамптың сайлау науқанына шамадан тыс араласуы. Президент республикалық кандидаттардың тағдырын өзінің саяси беделімен байланыстырды. Ал Трамп әкімшілігінің бағдарламасына қарсылық білдірген демократтар осы жағдайды тиімді пайдаланып, MAGA қозғалысының дәстүрлі электоралдық тірегін әлсіретті.
НАТАНИЭЛЬ БИРКХЕД, САЯСАТТАНУШЫ:
Қолдау көрсеткіші 35% болған кезде, Конгресс сайлауына араласудың қажеті жоқ еді. Кандидаттарға жағымсыз имиджден алшақтауға мүмкіндік беру керек болатын. Оның орнына Трамп: «Бюллетенде менің атым тұрғандай әрекет етіңіздер», – деді. Адамдар солай жасады, нәтижесін көріп отырсыздар.
Алайда президенттің өзі бұған келіспейді. Ол, керісінше, өзі сайлауға түспегендіктен, кандидаттарға электораттың қолдауын жеткізе алмағанын алға тартты.
ДОНАЛЬД ТРАМП, АҚШ ПРЕЗИДЕНТІ:
Егер менің аты-жөнім сайлау бюллетенінде болғанда, біз жеңіске жетер едік. Митингтердегі мыңдаған халықты, ондағы маған деген жұрттың махаббатын көрдіңіздер. Бұл ғажап нәрсе. Бірақ біз сол қолдауды үміткерлерге жеткізе алмадық.
Ал қарапайым сайлаушыларды саяси имиджден гөрі күнделікті тұрмыстың қымбаттауы көбірек алаңдатады. Азық-түлік, жанармай және медициналық қызмет бағасы халықтың қалтасын қағып жатыр. Сондықтан сайлаушылар демократтарды жеңдік деп еркінсімей, жұмыс істесін деп отыр.
ТОМ ХОЛМКВИСТ, ФЕРМЕР:
Кеше кешке халықтың үні айқын байқалды: «Болды, жетер. Байлардың емес, біздің мүддемізді қорғағандарыңызды қалаймыз», – дедік.
Енді қаңтар айында жаңа Конгресс жұмысын бастағанда, АҚШ-та билік тармақтарының арасындағы тепе-теңдік өзгереді. Демократтар заң шығарушы органның екі палатасын да бақылауына алып, Ақ үйдің шешімдеріне ықпал ету мүмкіндігіне ие болады. Алдағы екі жылда президент пен Конгресс ортақ мәмілеге келуге тиіс. Әйтпесе Вашингтон саяси тұйыққа тірелуі мүмкін. Демократтар қарапайым халықтың тұрмысын жеңілдетуге уәде берді.
ХАКИМ ДЖЕФФРИС, АҚШ ӨКІЛДЕР ПАЛАТАСЫНДАҒЫ ДЕМОКРАТИЯЛЫҚ ПАРТИЯ ФРАКЦИЯСЫНЫҢ ЖЕТЕКШІСІ:
Түбегейлі өзгерістерді қалап, өмірлерін жақсартқанымызды күтіп отырған қарапайым америкалықтарға мынаны айтқымыз келеді: біз сіздерді естідік, көрдік және өмірлеріңізді жақсартуға бел будық.
Демократтар жеңісті пайдаланып, Трамп әкімшілігінің жұмысына парламенттік бақылауды күшейтетінін жасырмайды. Олар мемлекеттік шығындарды қайта қарауды, жемқорлық деректерін тергеуді және президент әкімшілігінің шешімдеріне саяси баға беруді көздейді.
ЧАК ШУМЕР, АҚШ СЕНАТЫНДАҒЫ ДЕМОКРАТИЯЛЫҚ ПАРТИЯНЫҢ КӨШБАСШЫСЫ:
Жемқорлық тамырын тереңге жайғандықтан, міндетті түрде тергеу жүргізу қажет. Бірақ біз басты мәселені назардан тыс қалдырмаймыз. Бірінші кезекте – шығындарды қысқарту, жемқорлықты жою.
Демократтардың күн тәртібінде денсаулық сақтау жүйесі мен әлеуметтік бағдарламаларды қаржыландыру, сауда тарифтерін қайта қарау және Ирандағы соғысты тоқтату мәселелері бар. Бұл бастамалар жүзеге асуы үшін жаңа Конгресс Ақ үймен де, республикалықтармен де күрделі келіссөздер жүргізуге тура келеді.
ТЕД ЛЬЮ, АҚШ КОНГРЕСІ ӨКІЛДЕР ПАЛАТАСЫНЫҢ МҮШЕСІ:
Демократтар билікке келгенде, біз қолжетімділікке баса назар аударамыз. Америкалықтар үшін бағаны шарықтатып жіберген Трамптың ақымақ тарифтерін тоқтату үшін заң жобасын қабылдаймыз. Сондай-ақ, Иранмен соғысты тоқтату мәселесін қолға аламыз.
Иранмен арадағы шиеленіс – жаңа Конгресс пен Ақ үй арасындағы басты қайшылықтың бірі болмақ. Өйткені Конгрестің қолдауынан айырылған президенттер, әдетте, сыртқы саясатта жеке-дара әрекет етуге бейім келеді.
УИЛЬЯМ АНТОЛИС, ВИРДЖИНИЯ УНИВЕРСИТЕТІНДЕГІ МИЛЛЕР ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:
Трамп өзінен кейін қандай мұра қалдырғысы келеді? Ол Конгреспен ақылдаспастан Венесуэла мен Иранға басып кіру сияқты маңызды қадамдар жасап үлгерді. Әдетте президенттер соңғы екі жылында Конгрестің қолдауынан айырылып, сыртқы саясатта жеке-дара әрекет етуге көшеді. Бірақ егер ол билікті республикашыл ізбасарына табыстағысы келсе, көбірек ынтымақтасуы керек.
Сайлаушылардың ашуын тудырған басты факторлардың бірі – АҚШ-тың Иранмен соғысы және соның салдарынан туындаған жанармай бағасының өсуі. Әскери қақтығыс энергетикалық нарыққа қысым түсіріп, мұнай жеткізіліміне қатысты белгісіздікті күшейтті. Тіпті АҚШ-қа бағыт алған ресейлік дизель тиелген танкерлер саяси және құқықтық кедергілерге байланысты бағытын өзгертуге мәжбүр болды.
ДМИТРИЙ ПЕСКОВ, РЕСЕЙ ФЕДЕРАЦИЯСЫ ПРЕЗИДЕНТІНІҢ БАСПАСӨЗ ХАТШЫСЫ:
Тауардың жөнелтілгенін білесіздер. Бұл коммерциялық келісім, сондықтан ашық жария етілмейді. Барлық дизель өз иесін табады.
Энергия ресурстарына қатысты белгісіздік пен Таяу Шығыстағы жағдайдың одан әрі ушығу қаупі әлемдік мұнай нарығына да әсер етуде. Brent маркалы мұнай бағасы құбылып тұр. Ал Трамп экономикалық зардаптарға және сайлаудағы жеңіліске қарамастан, Иранға қарсы әскери операцияны тоқтатуға асығар емес.
ДОНАЛЬД ТРАМП, АҚШ ПРЕЗИДЕНТІ:
Біз олардың ядролық қаруға қол жеткізуіне ешқашан жол бермейміз. Жанармай бағасы өсетінін білдім, тіпті екі-үш есе өседі деп ойлағанмын. Бірақ бүгін баға түсіп жатыр. Біз тамаша жұмыс атқардық, Ормуз бұғазы ашық.
Вашингтон әскери операцияны қауіпсіздік мүддесімен түсіндірсе, Тегеран АҚШ-тың әрекетін егемендікке жасалған қысым деп бағалайды. Иран астанасында антиамерикалық митингілер өтіп, билік елдің экономикалық және саяси қысымға мойынсұнбайтынын мәлімдеді.
ӘЛИРЕЗА ЗАКАНИ, ТЕГЕРАН ҚАЛАСЫНЫҢ ӘКІМІ:
АҚШ соғыс пен қылмыстық әрекеттер арқылы қол жеткізе алмаған нәрсесіне экономикалық соғыспен де жете алмайды. Иран халқы мен үкіметі Американың агрессиясын түбегейлі талқандау үшін барлық салада шаралар қабылдап жатыр.
Шиеленіске қарамастан, әлемдік энергетиканың күретамыры саналатын Ормуз бұғазындағы кеме қатынасын реттеу бойынша дипломатиялық әрекеттер жалғасуда. Бұл бағыттағы кез келген шектеу мұнай жеткізіліміне және әлемдік экономикаға тікелей әсер етуі мүмкін. Сондықтан АҚШ, Иран және Оман арасындағы келіссөздердің нәтижесі халықаралық қауымдастық үшін де маңызды.
МАРКО РУБИО, АҚШ МЕМЛЕКЕТТІК ХАТШЫСЫ:
Оман мен Иран арасында әскери кемелердің қауіпсіз өтуін қамтамасыз ету туралы келіссөздер жүріп жатыр. Бұл келіссөздерде белгілі бір жетістіктер бар, бірақ түпкілікті шешім әлі қабылданған жоқ. Жақын арада жүзеге асады деп үміттенеміз.
Қорыта айтқанда, биылғы аралық сайлау АҚШ-тың ішкі саясатында жаңа кезеңнің басталғанын көрсетті. Демократтар Конгресті бақылауына алғанымен, енді сайлаушылардың сенімін ақтап, инфляция мен геосаяси дағдарыстардың салдарын жоюға тиіс. Ал Ақ үйге алдағы екі жылда саяси бәсекелестерімен санасуға тура келеді. Америка халқы құрғақ уәдеден шаршағанын, нақты өзгерістер мен экономикалық тұрақтылықты талап ететінін ашық білдірді. Ендігі басты сұрақ: Вашингтондағы саяси элита жеке амбицияларын жиып қойып, халық мүддесі үшін ортақ мәмілеге келе ала ма, әлде алдағы екі жыл жаңа тергеулер мен толассыз саяси текетірестің уақыты бола ма? Бұл сұрақтың жауабы қаңтар айында жаңа Конгресс жұмысын бастағанда белгілі болады.