«Ертеңгі күннің кодын ашу». Алматыда дәл осындай тақырыппен Қазақстан Республикасының Жарнама форумы өтті. Онда жарнама нарығындағы түбегейлі өзгерістер, жаңа технологиялар, медиа тұтыну үлгілерінің трансформациясы және маркетинг саласының болашақ даму бағыттарын талқылады. RAF-2026 іс-шарасының басты ерекшеліктерінің бірі – Қазақстанның мемлекеттік органдарынан жоғары лауазымды өкілдердің қатысуы болмақ.
Бұл бұрын-соңды болмаған ауқымды форум. Өйткені, үш тақырыптық залда 30-дан астам жаңа презентация мен тақырып ұсынылып, талқыланды. Іс-шара бағдарламасы жасанды интеллект пен жарнаманың арналарынан бастап, маркетингтің тиімділігі, ритейл-медианың дамуы және креативті индустрияның болашағы сияқты тақырыптарды қамтыды.
ВИКТОР ЕЛИСЕЕВ, ОРТАЛЫҚ АЗИЯ ЖАРНАМА ҚАУЫМДАСТЫҒЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
Біріншіден, сыртқы жарнама бағыты қарқынды дамып келеді. Біз бұл үрдістің бүкіл елге таралып жатқанын көріп отырмыз. Мемлекеттік тілдегі контенттің де дамып келе жатқанын байқап отырмыз. Бұл — өте маңызды фактор. Бұрынғыдай жай ғана аудармалар емес, төл отандық контент жасалып жатыр. Сонымен қатар Қазақстанда өз өнімдерін өндіретін жаңа жарнама берушілер пайда болуда. Бұл үрдіс бізді қуантады.
Үш залдың бірінде жарнама нарығындағы теледидардың трансформациясы талқыланды. Интернетке жалғаулы басқа платформаларға қарағанда халық телеарнадан көрсетілген дүниеге көбірек сенеді дейді мамандар. Ең бастысы, жұртқа қызық әрі қажетті контент түсірілуі керек.
КЕМЕЛБЕК ОЙШЫБЕКОВ, «ҰЛТТЫҚ МЕДИА ҚАУЫМДАСТЫҒЫ» ЗАҢДЫ ТҰЛҒАЛАР БІРЛЕСТІГІНІҢ БАСШЫСЫ:
«Гензис Орталық Азия» деген компания — «Гугл» компаниясының осы жақтағы серіктесі. Солардың мәліметі бойынша, 60 пайыз, ютубта қаралатын контенттің көбі — осы қазақстандық телеарналардың шығарған өнімдері. Ол да үлкен мүмкіндік, өйткені телевидение дегенде тек телевизор деп қарамауымыз керек. Телевидение — бұл үлкен контент.
ГҮЛФАЙРУС ҰЗАҚ, MEDIA NOVA КОМПАНИЯСЫНЫҢ ӨКІЛІ:
Бірақ онымен жұмыс істей алу біз үшін маңызды, өйткені ол біздің жұмысымызды жылдамырақ әрі жеңіл істеуге көмектеседі. Оның ар жағында адам тұрады бәрібір. Соны дұрыс қолданып үйрену керек деп ойлаймын. Егер де теледидар өз көрерменін түсініп, соның қажеттілігін түсініп, соған орай контент бере алса, ол эксклюзив болса, біздің көрермен ешқайда кетпейді деп ойлаймын.
RAF-2026 кәсіби тәжірибе алмасу және жаңа маркетингтік құралдарды талқылау ғана емес, сонымен қатар брендтер, агенттіктер, медиа-платформалар мен мемлекеттік органдар арасында аймақтағы жарнама индустриясының болашағына қатысты диалог орнату алаңы.