Мазмұнға өту
ШҰҒЫЛ
· 10 қаралым

Мектепте тіс емдеп жатыр

Балаңыздың тісі ауырса, енді сабақтан алып қалып, емханаға апарып әуре болмайсыз. Қазір әр мектепте стоматологиялық кабинеттер ашылып жатыр. Дәл жеке клиникадағыдай керек-жарақтың бәрі бар, заманауи жабдықталған бөлме. Бірақ оқушыларға тегін бола ма, әлде ата-ана артынан ақша төлей ме деген сұрақ қана тұр.

Мектептің ішіндегі тіс емдеу кабинетінің өзге стоматологиядан айтарлықтай айырмашылығы жоқ. Мұнтаздай таза бөлме. Керек-жарақ жабдық та тұр. Шағым айтып келген оқушыларды арнайы маман қабылдап жатыр. Тіс жегісі, тіс ұлпасының қабынуы болса емдейді, бірақ, бұл жерде жұлмайды екен.

АЛТЫНГҮЛ МҮКСИЕВА, ТІС ДӘРІГЕРІ:

Бұл жақта жұлмаймыз, жұлатын тістер асқынып, ірің деген сияқты болады ғой, ол жерде хирургқа жолдамамен жіберіп отырамыз. Ал бұл жерде біз балаларға тісті дұрыс тазалауды, соған үйретеміз. Кариестің бастапқы этаптары болады ғой, соларды емдейміз. Тістерді тазарту жұмыстары жүреді, ол үшін бізде аппараттардың бәрі бар. Сканнер, ультразвук, аэрофлоу дейміз, жақсы сапалы бәрі бар.

Мектепте тіс дәрігерінің бар екенін естігенде, қуанғандардың бірі — ата-аналар. Енді сабақтан қалып, емханада ұзын-сонар кезекте тұрудың қажеті жоқ дейді. Әрі қазір мектепте стоматолог 3 ай сайын санациялық тексеру жүргізеді, яғни оқушылардың ауыз қуысын тексереді екен. Қажет болса, емханаға жолдама береді.

БАҒДАТ ШЕКІРТОВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:

Осы мектепте менің төрт балам оқиды. Екеуі — бастауышта, екеуі орта буында оқиды. Осы мектепте ашылғаны ата-ана үшін ауырып қалғанда жеңіл болып тұр. Өйткені біз бала тісі ауырғанда ақылы емханаларға жүгірмей, бірінші осы мектептегі стоматологиялық кабинетке келіп, баламыздың тісін қаратып алып, содан кейін ғана жолдама арқылы басқа емханаға қараламыз.

Мектептердегі тіс емдеу кабинеттерінің жұмысын жандандыруға 2024-2028 жылдарға арналған «Болашаққа — сау тіспен» жол картасы негіз болды. Оның аясында былтыр Ақтөбе облысындағы 14 білім ошағында арнайы бөлмелер ашылды. Биыл осындай тағы 15-ін іске қосу жоспарланған.

ӘЛИЯ ШАРБАҚОВА, ОБЛЫСТЫҚ ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БӨЛІМ БАСШЫСЫ:

Ауыз қуысы гигиенасын үйрету, оларға үгіттеу мақсатында ашылған болатын. 2025 жылы 14 мектепте ашылған болатын кабинеттер. Оған 37 млн 145 мың теңге қаражат кетті. 2026 жылы аталған 15 мектеп 48 млн теңгені құрайтын жабдықтармен қамтылды.

Мамандардың айтуынша, соңғы уақытта балалар арасында тісжегі дерті жиілеген. Сондықтан медициналық көмекті тек қалада ғана емес, аудандарда да қолжетімді ету қолға алынды. Бір ескерерлігі, мұндай кабинеттер тек оқушы саны мыңнан асатын ірі мектептерде ғана жасақталады.

← Барлық жаңалықтар