Еліміздің темір жолдарына тағы бір жаңа пойыз қосылды. Бір жыл бойы «келемін деп кешіккен» сары ала қаздай сағындырған отарба ақыры рельске мініп, елордадан оңтүстікке қарай сырғи жөнелді! Жұрт бұрынғы ескі вагоннан құтылып, үзіліп кете беретін желінің кесірінен телефонын басына көтеріп енді ары-бері сабылмайтын сияқты. Білетіндер тіпті шағым айтуға сылтау жоқ, ерекше ыңғайлы деп жатыр.
ҮСЕН АСТАНА, ТІЛШІ:
Қазақстанның шойын жол саласында тарихи сәт! Астанада отандық өндірістен шыққан алғашқы заманауи Stadler жолаушылар пойызы салтанатты түрде жолға шығуға дайын. Бұл жай ғана жаңа құрамдар емес, елдің көлік-логистикалық әлеуетін арттыратын маңызды жоба. Сапасы еуропалық стандартқа сай, ал құрастырылуы отандық кәсіпорында іске асқан су жаңа пойыздар дәл қазір елордадан Алматыға аттанады.
Былтыр желтоқсанда жолға шығуы тиіс болған пойыз араға бір жыл салып, ақыры қатынай бастады. Жыл бойы сарғая күткен жолаушылар ескі вагон мен сапасыз байланыстың машақатынан құтылды. Заманауи жолаушылар пойызы бүгін «Нұрлы жол» вокзалынан Алматыға жолға шықты. Бұған тұрғындар ғана емес, жаңа құрамда қызмет ететін жолсеріктер де дән риза. Жұмысымыз едәуір жеңілдеп қалды дейді.
ОҢҒАР КЕЛДИЯРОВ, ЖОЛСЕРІК:
Мен өзім стандартты пойыздарда жүрдім, «Тальгода» да 4,5 жыл қызмет атқардым. Мысалы, «Тұлпар-Тальгода» купелер шамалы тарлау болады. Және розетка біреу ғана болады. Қазір бір жолаушыға 2 жағында да орналасқан. USB және USB-C шнурлары мен зарядтау құрылғылары ыңғайлы және климатты өзі баптай алады, жолаушы проводникті іздемейді.
Бұл жүрдек пойыздың құрамы 9 вагоннан тұрады. Купеге 40, ал плацкартқа 58 жолаушы сыяды. Сағатына 130 шақырым жылдамдықпен жүретін құрам Алматыға 19 сағатта жетеді. Осылайша, әдеттегі пойыздарға қарағанда жол уақыты 5 сағатқа қысқарды. Бұған әсіресе жолаушылар мәз-мәйрам.
АЛЬФИЯ ИМАНҒАЗИЕВА, ЖОЛАУШЫ:
Алматыға кетіп бара жатырмын. Орал облысынан келгенмін, осында балаларым тұрады, соларға келгенмін, Алматыға кетіп бара жатырмын, Алматыға барып, сосын Оралға қайтамын, бұйырса. Өте қуаныштымын енді, бірінші рет, жол болсын.
Бұл вагондар Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2021 жылы Швейцарияға жасаған ресми сапары кезінде «ҚТЖ» мен «Stadler» компаниясы арасында жасалған келісім негізінде құрастырылған. Жоспар бойынша құрам 2025 жылы жолға шығуы тиіс еді. Алайда қыркүйек айында Көлік вице-министрі Жәнібек Тайжанов кестеден кешігу себебін екі елдің техникалық стандарттарындағы айырмашылықпен түсіндірді. Яғни, құрастыру жұмыстарын реттеу және сынау кезінде ақаулар анықталыпты. Ал осы аралықтағы шығындарды инвестор өз мойнына алған.
АНУАР АХМЕТЖАНОВ, «ҚАЗАҚСТАН ТЕМІР ЖОЛЫ» ҰҚ АҚ БАСҚАРМА ТӨРАҒАСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
ҚТЖ мен «Stadler» арасында шарт бар. Біз уағдаластыққа қол жеткіздік, келісімшарт шарттарына сәйкес өтемақы төленеді. Белгілі бір процедура бар, өтінім беру керек. Жалпы келісім бар, қол қойылды, оны жүзеге асырып жатырмыз.
2023 жылы елорданың индустриялық паркінде іргетасы қаланған бұл зауытқа 29,5 миллиард теңге инвестиция құйылған. Кәсіпорын 2030 жылға дейін 557 теміржол көлігін құрастыруды көздейді. Енді жаңа пойыз 13 қарашадан бастап Семейге қатынайды. Ал жыл соңында Атырауға жол тартады.