Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде болған кешегі трагедиядан кейін білім ордасының бірқатар жауапты қызметкері лауазымынан босатылды. Міндетіне салғырт қарағаны үшін оқу орнының проректоры мен география және табиғатты пайдалану факультетінің деканы жұмыстан кетті. Қазір жас жігіттің қазасына қатысты сан түрлі қауесет айтылып жатыр. Жоғары курстың студенттері өздерінен кішілерге әлімжеттік жасаған деген алып-қашпа әңгіме бар. Әзірге оқу орнының басшылығы ресми мәлімет берген жоқ. Тек әлеуметтік желідегі парақшасына қысқаша ақпарат жариялады. Еске сала кетейік, бұл Әл-Фараби атындағы университетте қараша айында тіркелген екінші қайғылы оқиға. Бұған дейін журналистика факультетінде оқитын студент қыз көз жұмған еді.
УНИВЕРСИТЕТТІҢ РЕСМИ ХАБАРЛАМАСЫНАН:
Орын алған қайғылы жағдайға байланысты университет басшылығы тарапынан шұғыл шаралар қабылданды: Тәрбие жұмысын ақсатқаны, жатақханадағы қауіпсіздік пен тәртіпті тиісті деңгейде қамтамасыз ете алмағаны үшін Басқарма мүшесі – әлеуметтік тұрақты даму жөніндегі проректор, география және табиғатты пайдалану факультетінің деканы лауазымдарынан босатылды. Университет бұл оқиғаға қатысты ешқандай деректі жасырмайды, құқық қорғау органдары жүргізіп жатқан тергеуге толық көмек көрсетуде және істің әділ, ашық өтуіне тікелей мүдделі. ҚР ҚПК 201-бабының талаптарына сәйкес, тергеу құпиясына байланысты өзге ақпаратты жариялай алмағанымызбен, қоғам мен марқұмның жақындары үшін барлық жаңалықтар туралы шынайы түрде хабарлап отырамыз.