Трансплантология саласында тың жаңалық. Елімізде алдағы уақытта балаларға туысының дің жасушаларын алуға рұқсат етілмек. Ал ол үшін донор мен науқастың генетикалық сәйкестігі анықталса жеткілікті. Бұл туралы Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі Тимур Сұлтанғазиев мәлімдеді. Шенеуніктің сөзінше, салада 2012 жылдан бастап ілгерілеу байқалады. Осы бағыттағы жұмыстарды оңтайландыру үшін арнайы республикалық үйлестіру штабы құрылған екен. Қазір елімізде бас-аяғы 11 трансплантация орталығы жұмыс істеп тұр. Ал жаңа заң жобасында балалар арасында гемопоэтикалық дің жасушаларын трансплантациялауға қатысты арнайы нормалар қарастырылыпты. Бірақ күрделі процедураның тұтас бір ағзаны алмастыруға қарағанда біршама ерекшелігі бар.
ТИМУР СҰЛТАНҒАЗИЕВ, ҚР ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ МИНИСТРІНІҢ БІРІНШІ ОРЫНБАСАРЫ:
Жасөспірімдерге арналған бір-біріне туыс мысалы, бауыр, қарындас, сіңлі, әпкелі-сіңлілер бір-біріне қанның дің жасушаларын алмастыра алады. Ол кезде түсіндіріп кету керек. Ол орган емес. Ол кәдімгідей венадан қанды алады. Дің жасушаларын бөлек алып алған соң, қалған қанды клеткаларды қайтадан сол организмге енгізеді.
Жалпы, соңғы 13 жылда Қазақстанда 3100-ге жуық ағза трансплантациясы жасалған. Оның 2500-ге жуығы тірі донорлардың көмегімен жүзеге асқан екен. Соған қарамастан елімізде ағза тапшылығы мәселесі әлі де өзекті. Қазір республикада шамамен 4800 адам трансплантация кезегінде тұр.