Ұлытау облысында жеке үйдің ауласында тұрған үш көлік бір мезетте өртеніп кетті. Жаңаарқа ауданындағы оқиға жұрт шырт ұйқыда жатқанда болған. Естері шығып оянғандар бірден құтқарушыларға хабарласып, асай-мүсейлерін арқалап жеткендер қызыл жалынды сөндірген. Ал сол маңды бүге-шүгесіне дейін тексерген полиция өрттің қасақана қойылғанын анықтап, қылмыстық іс қозғады. Қазір тәртіп сақшылары күдіктілерді іздестіріп жатыр.
ҚАНАТ ДҮМШЕБАЕВ, ОБЛЫСТЫҚ ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІ БАСТЫҒЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
Қазіргі таңда оқиғаның барлық мән-жайын анықтау және құқық бұзушылыққа қатысы бар тұлғаларды анықтау мақсатында қажетті жедел-тергеу іс-шаралары жүргізілуде. Қылмыстық істің тергеу барысы Полиция департаменті басшылығының бақылауында. Сонымен қатар Қазақстан Республикасы ҚПК талаптарына сай, тергеудің деректері жария етілмейді.
Ал Атырауда сауда орталығындағы фитнес-клуб өртенді. Төрт қабатты ғимараттың ішіндегі бу моншасынан от шыққан. Оқиға орнына жедел жеткен құтқарушылар жалынды толық сөндіріп, оның өзге бөлмелерге таралуына жол бермеді. Абырой болғанда, зардап шеккендер жоқ.