Енді ішпейтін адамды іш деп қинап, оның келісімінсіз сусынына алкоголь қосқандар заңмен қудалануы ғажап емес. Елімізде спайкинг үшін жаза енгізілуі мүмкін. Мұндай бастаманы Құрылтайда көтерді. Яғни әзілдеп достарының стақанына ішімдік тамызып жүретіндер жауапқа тартылуы ықтимал. Депутат Айжан Аймағанованың сөзінше, мұндай жағдайлар түнгі клубтар мен барларда жиі кездеседі екен. Белгісіз ішімдікті ішкен азаматтар уланып, есінен айырылып, тіпті өзін-өзі қорғай алмайтын күйге түсіп жатады. Ал бұның артында зорлық-зомбылық, тонау, ұрлық сықылды арам әрекеттер болуы мүмкін. Қазір заңда бұндай жайттарға белгілі бір жағдайда ғана жаза қарастырылған екен. Бірақ спайкинг, яғни біреудің сусынына әдейі психотропты заттар, ішімдік араластырып жіберуге қатысты ешқандай норма жоқ. Сондай-ақ азаматтардың қыр соңынан қалмай, аңдитын, қорқытып-үркітетіндерге де жазаны қатаңдату ұсынылып отыр. Ішкі істер министрлігінің дерегінше, биыл сталкингке қатысты 570 қылмыстық іс тіркелген. Оның 193-і сотқа жолданыпты.