Мазмұнға өту
ШҰҒЫЛ
· 14 қаралым

Айтыс өнері асылынан айырылды

Қазақтың айтыс өнері тағы бір асылынан айырылды. Алаштың аяулы қызы, Халық ақыны Әсия Беркенова 77 жасқа қараған шағында өмірден озды. Берен тілді сөз зергері 1950 жылы Қостанай облысы Әулиекөл ауданында дүниеге келген. Саналы ғұмырын ұлтымыздың мәдениеті мен білім саласын өрістетуге арнады. ХХ ғасырдың орта шенінде көмескі тартып, ұлт жадынан өшіп бара жатқан бекзада өнерімізді қайта түлетуге сүбелі үлес қосты.

«Сарқылмай елім барда тұрар сабам…»

Көзі тірісінде Тобылдың топжарғаны атанған ақын қыз талай аламан айтыстарда атой салды. 1984 жылы Кенен Әзірбаевтың 100 жылдығына орай Алматыда ұйымдастырылған республикалық айтыста бірінші орынға ие болған. Жаңа ғасырда да киелі сахнадан алыстаған жоқ.

ДӘУЛЕТКЕРЕЙ КӘПҰЛЫ, АҚЫН:

Әсия апамыздың айтыстағы мәдениеті, биік парасаты, қарсыласты сыйлауы, өзінен жасы кішінің талабын тойтармай, қанаттандырып отыруды бүгінгі буын өздеріне үлгі қылып алуы керек. Халқының қуанышын сүйіншілей білді, өкініші, күйініші болса оны да жыр тілімен жеткізе білді.

Әсия Әйіпқызы «Құрмет» және III дәрежелі «Барыс» ордендерінің иегері. Қазақ айтысының тасын өрге домалатқан ақынның бейнесі жұрт жадында мәңгі сақталары сөзсіз.

← Барлық жаңалықтар