Соңғы уақытта басы даудан арылмаған «Қазақстан Темір жолына» жаңа басшы келді. Ұлттық компаниядағы қордаланып қалған мәселелерді шешіп, жұмысына тың серпін беру міндеті Ерсайын Нағаспаевқа жүктелді. Ол Өнеркәсіп және құрылыс министрі лауазымын тапсырып, жаңа қызметке тағайындалды. Су жаңа менеджерді ұжымға Үкімет басшысы Олжас Бектеновтің өзі таныстырды. Премьер оған сәттілік тілеп, компанияның жұмысы алға жылжитынына сенім білдірді. Қарағанды өңірінің тумасы өзі басқарған министрліктің тізгінін 1,5 жыл ғана ұстады. Жаңа басшы ҚТЖ жұмысымен жақсы таныс. Себебі бұған дейін 2021 жылдары Ұлттық компанияның қамтамасыз ету бойынша бас директоры және жаңа жобалар бойынша басқарушы директорының міндетін атқарушы қызметтерінде отырған. Айта кетейін, Ерсайын Нағаспаев «Қазақстан темір жолының» тізгінін компанияның бұрынғы басшылығына қатысты ірі жемқорлыққа қатысты тергеу жүріп жатқан кезде ұстап отыр.