Мазмұнға өту
ШҰҒЫЛ

Коронавирус ешқайда кетпеген

Кезінде жаһан жұртын әбігерге салған коронавирус әлі толық жойылған жоқ. Биыл елімізде оны жұқтырған жүздеген адам анықталған. COVID-19 штамдарының ішінде қазір «Стратус» түрі басым екен. Бұл жөнінде Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Денсаулық сақтау министрлігінің өкілі мәлімдеді. Жыл басынан бері коронавирус жұқтырған 381 науқас тіркелді. Десе де мамандар эпидемиологиялық ахуалдың тұрақты екенін айтады. Тіпті биылғы көрсеткіш былтырмен салыстырғанда 2,5 есе төмен. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы да қазір таралып жатқан вирустың аса қауіпті еместігін растапты.

САРХАТ БЕЙСЕНОВА, ҚР ДСМ САНИТАРИЯЛЫҚ-ЭПИДЕМИОЛОГИЯЛЫҚ БАҚЫЛАУ КОМИТЕТІНІҢ ТӨРАҒАСЫ:

Мониторинг деректеріне сәйкес қыркүйек айының басынан бері Қазақстанда жедел температуралы инфекцияның 1 миллион 500 мыңға жуық жағдайы тіркелді. Ол өткен эпидемиологиялық маусымның ұқсас кезеңімен салыстырғанда 28 пайызға төмен. Тек соңғы аптада 133 мыңнан астам жағдай анықталды.

Комитет басшысы елдегі тұмауға қатысты ахуалға да жеке тоқталды. Қыркүйек айынан бері 297 науқас тіркелген. Оның 295-інен «шошқа тұмауы» анықталса, қалған екеуінен B типті вирус табылған. Сархат Бейсенова бұл дерттің ауыр өтіп, күрделі асқынуларға әкелуі мүмкін екенін ескертті. Әсіресе жүкті әйелдер, бүлдіршіндер, қарттар мен созылмалы ауруы бар адамдар сақ болғаны жөн. Сондай-ақ мамандар балалар арасындағы жағдай жіті бақылауда екенін айтты. Қазір бірде-бір мектепте маусымдық дертті жұқтырғандар 20 пайызға жетпеген. Ал егер науқастар саны 30 пайыздан асса, оқушылар қашықтан оқуға көшірілуі мүмкін.

← Барлық жаңалықтар