АЛМАТЫ
Алматыда есірткі жасырып жүрген оқушылар қолға түсті. Ұсталған қыздар небәрі 7 және 9 сыныпта оқиды екен. Бас прокуратураның мәліметінше, үш жасөспірімнің жасы 12, 14 және 15-те. Олар тыйым салынған заттарды елдің көзінен таса жерлерге жасырып отырған. Қазір осы іске қатысты тергеу жүріп жатыр. Прокурорлар мұндай интернет-дүкендерге кіріп, сатушылармен хат алмасқан әр адамның ізі бәрібір табылатынын ескертеді. Яғни заңсыз тауарды тасымалдаушылар ерте ме, кеш пе құрықталады. Жалпы «Кибернадзор» жүйесі арқылы есірткіні жарнамалайтын 10 мыңнан астам жазба мен 6 мыңнан астам онлайн-дүкен жабылыпты. Сондай-ақ алаяқтар мен қылмыскерлер ақша аударатын 620 мыңға жуық дропперлік есепшот бұғатталып, қылмыстық жолмен табылған 2,6 миллиард теңгеден астам ақшаға тыйым салынған.