Осы жексенбіде барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының сайлауы өтеді. Осыған байланысты Орталық сайлау комиссиясында өңірлердегі әзірлік барысы пысықталды. Комиссия төрағасы Нұрлан Әбдіровтің айтуынша, әкімдіктер сайлаушылар тізімін учаскелерге әлдеқашан тапсырып қойған. Сондай-ақ науқанға тартылған мамандардың біліктілігі де арнайы тексерістен өтіпті. Ел бойынша 5 700-ден астам оқыту шарасы ұйымдастырылып, 86 мыңнан астам комиссия мүшесі арнайы семинар мен қашықтан тестілеуден өтіп, сертификат алған. Бұдан бөлек, партия, БАҚ және қоғамдық ұйым өкілдеріне де түсіндіру жұмыстары жүргізіліпті. Осы ай басталғалы комиссия мүшелері еліміздің барлық 20 өңірін аралап, дайындықты өз көздерімен тексеріп қайтқан. Сайлау күні 10 мың 338 учаске жұмыс істейді. Дауыс беруге 12 миллион 679 мыңнан астам азамат құқылы.
НҰРЛАН ӘБДІРОВ, ҚР ОРТАЛЫҚ САЙЛАУ КОМИССИЯСЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:
Қазір біз сайлау науқанының қорытынды кезеңіне келдік. Ендігі басты міндет – дауыс беру күнін ұйымдасқан түрде өткізіп, азаматтардың сайлау құқықтарының толық іске асырылуын қамтамасыз ету. Дауыс беру күніне сайлау учаскелерінің дайындығын қамтамасыз ету барысында олардың материалдық-техникалық жабдықталуын, мүгедектігі бар азаматтар үшін қолайлы жағдайлардың жасалуын, сайлау бюллетеньдерін жеткізу, сондай-ақ дауыс беруді ұйымдастыруға қатысты басқа да маңызды мәселелерді ескеру өте маңызды.