Бас прокуратура мәслихаттар депутаттарының сайлауы қарсаңында қазақстандықтарға үндеу жасады. Үгіт-насихат жұмыстары ертең түн ортасында толығымен аяқталады. Ал 28 және 29 қараша күндері кез келген үгіт жұмыстарына қатаң тыйым салынады. Сондай-ақ дауыс беру күні толтырылған бюллетеньді суретке және видеоға түсіріп, желіде таратуға болмайды. Осы талапты бұзған жеке тұлғаларға 15, ал кәсіпкерлерге 35 айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл салынады. Бұл – 64 мың 875 және 151 мың 375 теңге деген сөз. Бұған қоса, сайлау нәтижесіне қатысты болжамдар мен сауалнама қорытындысын жариялауға да қатаң тыйым салынған. Ол үшін де қомақты көлемде айыппұл қаралған. Заңсыз жиын өткізгендер мен жалған ақпарат таратқандар да жазаланады.. Бүгінге дейін сайлау заңнамасын бұзудың 13 дерегі тіркелді деген Бас прокуратура азаматтарды заң талаптарын қатаң сақтауға шақырды.