РЕСЕЙ
Мемлекет басшысының Мәскеуге жұмыс сапары жалғасуда. Бүгін Қасым-Жомарт Тоқаев жасанды интеллект мәселелеріне арналған халықаралық конференцияға қатысып жатыр. Ауқымды іс-шараға әр елден 300-ден астам сарапшы, ғалымдар мен компания өкілдері арнайы келген. Шетелдік 30-дан астам спикер баяндамасын таныстырады деп күтілуде. Қатысушылардың қатарында Қазақстан, Қытай, Үндістан, Бразилия, Сербия сынды мемлекеттердің өкілдері бар. Айта кетейік, біздің еліміз көрме алаңында жасанды интеллект бағытындағы 6 жобаны ұсынып отыр.
МАҒЖАН МӘДИЕВ, ASTANA HUB ХАЛЫҚАРАЛЫҚ IT-СТАРТАПТАР ТЕХНОПАРКІНІҢ НЕГІЗІН ҚАЛАУШЫ ӘРІ АЛҒАШҚЫ БАС ДИРЕКТОРЫ:
Біздің экожүйеде 2700 компания жұмыс істейді. Оның 500-ден астамы – шетелдік капиталы бар кәсіпорындар. Биыл компаниялардың жиынтық табысы 3 миллиард АҚШ долларына жетеді деп күтілуде. Соның 1 миллиард доллардан астамы экспорттан түсетін кіріс. Біздің басты мақсатымыз – осы экожүйенің мүмкіндіктерін таныстыру. Біз Қазақстанның барлық өңірінде, сондай-ақ халықаралық нарықтарда жұмыс істейміз.
Үш күн қатарынан өтетін іс-шараның ауқымы да кең. Бағдарлама қоғам, бизнес және ғылым салаларында жасанды интеллектіні қолдану мүмкіндіктерін қамтиды. Конференция аясында халықаралық байқаулардың жеңімпаздары марапатталып, жетекші компаниялардың жаңа технологиялары көрмеге қойылады.
ЕРСҰЛТАН ЕРМАНОВ, ҚАЗАҚСТАНДЫҚ IT-КӘСІПКЕР, TRUSTEXAM.AI КОМПАНИЯСЫНЫҢ БАС ДИРЕКТОРЫ ӘРІ ТЕҢ ҚҰРЫЛТАЙШЫСЫ:
Негізі, жобамыздың құрылуына түрткі болған басты фактор – пандемия. Сол кезде біз нарыққа жылдам шықтық. Алғашқы клиенттеріміз білім беру мекемелері болды. Олар үшін түрлі онлайн-сессиялар, білім беру шаралары мен олимпиадалар ұйымдастырдық. Пандемия аяқталған соң жобамызға деген сұраныс біршама төмендеді. Тіпті болашағы бұлыңғыр деп ойлаған кезіміз де болды. Алайда кейін корпоративтік секторда жаңа мүмкіндіктер пайда болды. Қазір жобамыздың дамуына серпін беріп отырған негізгі күш – жасанды интеллектіні дамыту.