Отандық кәсіпкерлердің жұмысы жеңілдей түспек. «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы «BusinessGO» платформасын іске қосты. Енді іскер азаматтар жаңа жүйе арқылы жұмыс барысын толықтай бақылай алады. Бұл бастама кәсіпті дөңгелетіп, уақыт пен қаражатты үнемдеуге жол ашады.
Кәсіпкердің мойнында бірнеше міндеттің қатар жүретіні белгілі. Бірде ол басшы, тағы бірде есепші, енді бірде сатушы. Оның үстіне тауар есебін жүргізіп, салықты қадағалап, кассаны да бақылауы керек. Есеп-қисаптың көптігі бизнесті дөңгелетіп, дамытуға мүмкіндік бере бермейді. Енді осы міндеттердің бәрін бір жерден басқаруға болады. Яғни «BusinessGO» платформасы арқылы кәсіп иелері жүктемесін азайтып, барысын жеңілдете алады.
НҰРБЕК НӘЛҚОЖА, «АТАМЕКЕН» ҰЛТТЫҚ КӘСІПКЕРЛЕР ПАЛАТАСЫНЫҢ АППАРАТ БАСШЫСЫ:
Бұл жобаны біз маусым айында бастадық. Қазіргі таңда 20 мыңнан астам кәсіпкер тіркелді. Осы инструментті пайдаланып жүрген адамдардың саны күннен-күнге өсіп жатыр. Біздің ойымызша, бұл BusinessGO шағын және орта бизнестің субъектілеріне өте жоғары серпін тигізеді деп ойлаймыз. Бұл, біріншіден, фискалдық политика, екіншіден, тауарлық есепті цифрландыру жөнінде. Күніге 100-ден астам кәсіпкер осы жобаға қосылып жатыр.
Жаңа жүйенің тиімділігін көріп жүргендердің бірі – кәсіпкер Ернұр Сағынтай. Ол алты жылдан бері жиһаз өндірісімен айналысады. Бұрын есеп-қисаптың бәрін әртүрлі бағдарлама арқылы жүргізіпті. Бұл уақытты да, қаражатты да көптеп талап ететін дейді. Ал қазір қажетті қызметтің бәрі бір платформада. Кәсіпкердің айтуынша, бүгінде жұмысы әлдеқайда жеңілдеген.
ЕРНҰР САҒЫНТАЙ, КӘСІПКЕР:
Қазір біз BusinessGO платформасына тіркелгеннен кейін, біздің өміріміз жеңілденді. Өйткені осы платформада барлық системаларды осында жүргіземіз. Налог жағынан да, бухгалтерия жағынан да. Осы бір платформада барлығы бар. Және ол бізге қалай көмектесті десеңіз, уақытты және де қаражатты үнемдеді.
Кәсіпкер үшін тағы бір маңызды жайт сатылымды тіркеп қана қоймай, табыс пен тауар айналымын кез келген уақытта бақылауда ұстау. Енді ол үшін үнемі жұмыс орнында отырудың қажеті жоқ. Кассадан түскен қаржыны да, қоймадағы заттардың көлемін де осы жүйе арқылы қадағалауға болады. Әрі бұл қызмет қалтадан қақпайды. Ай сайынғы төлемі де қолжетімді дейді пайдаланушылар.
АЙГҮЛ АҚИЖАНОВА, КӘСІПКЕР:
Жылдық абоненттік төлем – 15 мың теңге. Яғни айына шамамен 1 250 теңгеден шығады. Бұл сомаға барлық сервис бір пакетке біріктірілген. Кәсіпкерлер үшін бұл – қолжетімді баға. Жүйе кассадағы қызмет көрсету жылдамдығы мен есептің дәлдігін арттырады. Ең бастысы, сатып алушы түбіртектен тауардың атауын, бағасын және жалпы сомасын толық көре алады. Бұл әсіресе көлемді чектер үшін өте маңызды.
Қазір «BusinessGO» кезең-кезеңімен енгізіліп жатыр. Алдымен шағын дүкендер мен өңірлердегі сауда орындарына басымдық берілген. Жаңа жүйені меңгеруге кәсіпкерлер палатасының жергілікті өкілдері де көмектеседі. Алдағы уақытта платформа ірі сауда нүктелері мен шағын және орта бизнестің өзге де салаларын қамтымақ.
НҰРБЕК НӘЛҚОЖА, «АТАМЕКЕН» ҰЛТТЫҚ КӘСІПКЕРЛЕР ПАЛАТАСЫНЫҢ АППАРАТ БАСШЫСЫ:
Сауда және интеграция министрлігімен бірлесе отырып, «Сауда Хаб» деген жоспарды жүзеге асыруды жоспарлап отырмыз. Бұл базарларды цифрландыру. Бұл екіжақты мәселе. Бұл арендаға беріп жатқан кәсіпкерлер және аренда алып жатқан кәсіпкерлердің мүдделерін ескере отырып, соларды сақтандыру. Бізде елімізде 512-ден астам базар тіркелген.
Бір сөзбен айтқанда, «BusinessGO» кәсіпкердің бірнеше жұмысын бір арнаға біріктіреді. Қаржылық есептерге кететін уақыт қысқарып, күнделікті шаруаны бақылау жеңілдейді. Ең бастысы, кәсіп иесі күнделікті құжат жұмысына алаңдамай, бизнесті өркендетуге ден қоя алады.