Мазмұнға өту
ШҰҒЫЛ
· 15 қаралым

Қарағандының қуаты артып келеді

Сарышұнақ сары аязда бұқара бүрсең қақпай, жұрттың жарықтан тарықпай тірлік кешуі – энергетика саласының басты міндеті. Ал бұл үшін тозығы жеткен ескі ошақтарды жаңғыртып, жаңа қуат көздерін іске қосу қажет. Қарағанды өңірінде дәл осы бағытта қарқынды жұмыс жүріп жатыр. Бір кездері апаттың аз-ақ алдында тұрған нысандардың қазіргі күйі көңіл көншітерлік.

Энергетика министрлігінің өкілдері Қарағанды өңіріндегі тоқ пен жылу беретін нысандарды аралап, атқарылған жұмыстарды таныстырды. Сапарымыз азынаған желі тынбайтын Осакаров ауылынан басталды. Елге ауадай қажет жел электр станциясы дәл осы жерде жұмыс істеп тұр екен.

ҚУАТ ҚҰДАЙБЕРГЕН, ТІЛШІ:

Биіктігі екі жүз метрден асатын, қалақшаларының өзі 97 метр болатын бұл алып қондырғылар — Қарағанды өңіріндегі электр энергиясының негізгі көзі. Биыл қыркүйек айында толық іске қосылған еді. Мұның Осакаровка ауылында орнатылуы да бекер емес. Себебі мұндағы желдің орташа жылдамдығы секундына сегіз жарым метрге жетеді, яғни табиғаттың өзі энергия өндіруге таптырмас жағдай жасап тұр.

50 миллиард теңге инвестиция құйылған бұл ауқымды нысанды Қытайдың атынан ат үркетін компаниясы тұрғызып берген. Іргелі істің шарапаты жергілікті жұртқа да тиіп отыр. Тұрғындар тұрақты жұмыспен қамтылып, елді мекеннің тыныс-тіршілігі жандана түскен.

ДМИТРИЙ ЗАЙЦЕВ, «ГИПЕРБОРЕЯ» ЖШС БАС ДИРЕКТОРЫ:

Бұл электр станциясы Осакаров секілді 10 ауданды жарықпен толық қамтамасыз ете алады. Сондай-ақ Қарағанды қаласы тұтынатын электр энергиясының жартысына жуығын өндіруге қауқарлы. Станция құрамында қуаты 15, 35 және 50 мегаватт болатын төрт ірі жел қондырғысы бар. Жоба аясында 30 шақырымға жуық жол салынып, 20 жаңа жұмыс орны ашылды.

Соңғы жылдары еліміз азынаған жел мен аптап күнді текке жібермей, кәдімгідей кәдеге жарата бастады. Кеншілер өңіріндегі мына алып станция соның бір ғана дәлелі. Қазір еліміздің әр түкпірінде табиғаттың қуатынан тоқ өндіретін дәл осындай орталықтар көбейіп келеді.

СҰЛТАН ДҮКЕНБАЕВ, ҚР ЭМ ЖАҢАРТЫЛҒАН ЭНЕРГИЯ КӨЗДЕРІН ДАМЫТУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:

Бүгінде елімізде жалпы қуаты 3,8 гигаватт болатын 172 баламалы энергия нысаны жұмыс істейді. Олар өндіретін қуат көлемі жыл сайын 10–15 пайызға артып келеді. Ал биылғы он айда бұл көрсеткіш 8,6 миллиард киловатт-сағатқа жетті.

Әрі қарай сапарымыз Қарағандының өзінде жалғасты. Кеншілер шаһары жыл санап ұлғайып, жаңа ықшам аудандар бой көтеріп жатыр екен. Маңыздысы, әрине, жұрттың үйінде оты сөнбей, шамы жарқырап тұруы керек. Мұны ескерген жауаптылар қаланың күретамыры саналатын 3-жылу электр орталығын кеңейтуді қолға алыпты. Бұл ауқымды іске 300 миллиард теңгеге жуық қаражат жұмсалып отыр.

МЫРЗАХАН АХМЕТОВ, 3-ЖЭО ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Өздеріңіз көріп тұрғандай, қазандықтың іргетасы қаланып, қаңқасы қойылып, қазандық барабаны және экрандық панельдерді монтаждау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Мына жағын қарасаңыз турбинный цех дейді. Градильный тостағаны мен турбинаның керекті қажетті құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Жобаны 2028 жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланған. Одан бөлек, электр желілерін жаңарту да күн тәртібінен түскен емес. Өйткені Майқұдықтағы 56 жыл бұрын салынған ескі станция әбден тозып, жабдықтары қазіргі жүктемені көтеруге қауқарсыз. Осы мәселені шешу үшін мұнда заманауи талаптарға сай су жаңа нысан бой көтеріпті.

ДИДАР АХМАДИН, «ҚАРАҒАНДЫ ЖАРЫҚ» ЖШС БАС ДИРЕКТОРЫ:

Жаңа қосалқы станция 20 мың тұтынушыны электр энергиясымен қамтамасыз етуге қауқарлы. Мұнда электр энергетикасы саласындағы ең заманауи жабдықтар орнатылған. Қосалқы станцияның құрамына 110 киловольттық жаңа электр желісі мен екі қуатты трансформатор кіреді. Әрқайсысының қуаты – 40 мегавольт-ампер.

Соңғы аялдама Шахтинск шаһары. Қазандықтары ескіріп, еңбеккерлеріне дұрыс жағдай жасалмаған мұндағы жылу орталығы бүгінде түбегейлі жаңарған. 2023 жылы облыстағы төрт бірдей ірі нысан: Теміртаудағы №2 жылу электр орталығы мен бірінші станциясы, сондай-ақ Балқаш пен осы өндірісті қаладағы ошақтар апат қаупі жоғары «қызыл аймаққа» енген еді. Тынымсыз тірліктің арқасында соның үшеуі бұл санаттан шыққан. Әзірге тізімде тек металлургтер мекеніндегі бірінші генерация көзі ғана қалып отыр. Жауаптылар оны да көп ұзамай ретке келтіреміз деп уәдесін берді.

АЙРАТ ҚАРАМУРЗИН, ОБЛЫСТЫҚ ЭНЕРГЕТИКАЛЫҚ ҚАДАҒАЛАУ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАСШЫСЫ:

Аталған станция бойынша 22 тармақтан тұратын, жалпы құны шамамен 9 миллиард теңгені құрайтын іс-шаралар жоспары әзірленді. Бекітілген тариф аясында жыл сайын күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Алдағы екі жылда барлық жоспарланған жұмысты аяқтап, станцияны қызыл аймақтан сары аймаққа шығару көзделіп отыр.

Осылайша, Қарағанды облысының энергетика саласында жаңғыру жұмыстары қарқын алып келеді. Алдағы жылдары жоспарланған жобалар толық іске асса, өңірдің өндірістік қуаты еселеніп, тұрғындар жылу мен жарықтан мүлде таршылық көрмеуі тиіс.

← Барлық жаңалықтар