Мазмұнға өту
· 42 қаралым

ҮКІМЕТ АЛҒАШҚЫ ТОҚСАНДЫ ҚОРЫТЫНДЫЛАДЫ

Доллар қымбаттаса да шошисың, теңге нығайса да қорқасың. АҚШ валютасы Үкіметтің жыл басында есеп-қисап жүргізіп қойған 540 теңгесінен 474-ке бір-ақ түсіп, жоспардың ту-талақайы шықты. Себебі, экспортқа кететін шикізатың бәрі доллармен сатылады. Есесіне, әлемде мұнай бағасы өсіп, Ұлттық қорға қосымша қаржы құйылды. Енді оған инвестицияларды қосып, отандық өнімнің үлесін арттырып, аймақтардың макроэкономикасын көтеріп, бос әңгімені доғарып, қайта өңдеуді қолға алып, инфляцияны түсіру керек. Олжас Бектенов барлық саланың жауапты кісілеріне нақты-нақты тапсырма берді. Еліміздегі ең төменгі жалақының өзін екі есе арттырып, 150 мыңға жеткізу жоспарын құрып қойыпты.

ҚАЙЫРКЕН ОТЫНШЫ, ТІЛШІ:

Әне-міне дегенше, 2026 жылдың алғашқы тоқсанын да аяқтадық. Үкімет мүшелері осы уақытқа дейін атқарылған жұмыстар жөнінде есеп берді. Алғашқы 3 айдың ішінде трансферттерді есептемегенде қазынаға 6,4 трлн теңге түсіпті. Бұл көрсеткіш өткен жылдың дәл осы кезеңімен салыстырғанда 17%-ға артық. Сондай-ақ, ұлттық валютаның нығаюы да бюджетке  әсерін тигізіпті.

МӘДИ ТӘКИЕВ, ҚР ҚАРЖЫ МИНИСТРІ:

«Қолданыстағы бюджет құрылымына сәйкес мұнай бағасының өсуінен түсетін қосымша табыс негізінен Ұлттық қорға түседі, себебі мұнай кірістерінің басым бөлігі заңнамаға сәйкес сол қорға бағытталады. Республикалық бюджет үшін тікелей оң әсер негізінен мұнайға салынатын экспорттық кедендік баж есебінен көрініс тапты, бұл бағытта қосымша 40,5 млрд теңге қамтамасыз етілді».

Сондай-ақ, елімізде инвестициялық белсенділік те артып келе жатыр екен. Негізгі капиталға шеттен құйылған қаржы мөлшері 3,5 трлн теңгені құрапты. Ал, қаржы тарту бойынша Жамбыл, Түркістан және Ұлытау облыстары ерекше белсенділік көрсеткен. Капиталдың ең көп көлемі электрмен жабдықтау, байланыс және ауыл шаруашылығы секторларына бағытталған.

АЗАМАТ ӘМРИН, ҚР ҰЛТТЫҚ ЭКОНОМИКА МИНИСТРІНІҢ БІРІНШІ ОРЫНБАСАРЫ:

«Апта сайын Экономикалық өсім жөніндегі жедел штабта нақты кәсіпорындардың проблемалық мәселелері және өнім шығаруды ұлғайту үшін оларды шешу жолдары қаралады. ЖІӨ-нің таргеттелетін өсуін қамтамасыз ету мақсатында салалық министрліктер салаларды дамытудың нысаналы параметрлеріне қол жеткізу үшін барлық қаржылық және қаржылық емес шараларды қабылдауды қамтамасыз етуі қажет».

Десе де Үкімет басшысы бірнеше өңірді ел экономикасының өсіміне үлес қоса алмай отырғанын айтып қалды. Көш соңында қалған аймақтардың қатарында Ақмола мен Атырау облыстары бар екен. Әкімдерге шүйліккен Олжас Бектенов тез арада макроэкономикалық көрсеткіштерді көтеруге пәрмен берді. Бұдан бөлек, премьер-министр барлық салаға жасанды интеллектті енгізу жұмыстарын белсенді жүргізуді міндеттеді.

ОЛЖАС БЕКТЕНОВ, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ:

«Бәсекелестік күннен күнге күшейіп келеді. Бос әңгімені доғаратын уақыт келді. Нақты іспен айналысу керек. Ірі өнеркәсіп және инфрақұрылым жобаларын жүзеге асырып, барлық салаға ЖИ енгізу керек. Қаржылық тәртіпті қатаң сақтап, әлеуметтік қамсыздандырудың әділетті жүйесін қалыптастыру қажет. Қазіргідей барлығына бірдей емес, мемлекет шын мәнінде мұқтаж адамдарға ғана қолдау көрсетуге тиіс».

Сондай-ақ, Үкімет инфляция қарқын алған тұста сауда орындары мен коммуналдық тариф мәселесіне бақылауды күшейтпек. Бұл қымбатшылықтың алдын алуға септігін тигізеді екен. Мәселен, өткен айда жүйелі жұмыстардың арқасында инфляция деңгейі шамамен 11% деңгейінде қалған. Бұдан бөлек, импортталатын тауарларға емес отандық өнімдерге басымдық берілуі тиіс. Олжас Бектенов жауапты министрлерге бірқатар тапсырма жүктеді.

ОЛЖАС БЕКТЕНОВ, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ:

«Жасыратыны жоқ ол жерлерде ел айтып жүргендей ұйымдасқан топтар заңсыз әрекет етеді. Көкөніс, жеміс-жидек, ет және басқа да өнімдердің бағасы ешқандай негізсіз қолдан көтеріледі. Міне, осыны нағыз делдалдық схема деп айтуға болады».

Қорыта айтқанда, ел экономикасы алғашқы тоқсанда айтарлықтай өсім көрсетті. Мәселен, осы аралықта мемлекетке құйылған инвестиция көлемі арта бастады. Сондай-ақ, жалпы ішкі өнімдегі мұнай секторының үлесі де екі есе қысқарыпты. Осылайша бюджетті қара алтынға тәуелділікті азайту мақсатында жұмыстар жүргізіліп жатыр. Қайта өңдеу секторы да мықтап қолға алына бастады. Осы арқылы өнімді шикізат күйінде емес, дайын заттарды экспорттауға мүмкіндік ашылады.

Қайыркен Отыншы

← Барлық жаңалықтар