Алматыда Беларусь Республикасының Бас консулдығы ашылмақ. Бұл одақтас елдер арасындағы стратегиялық серіктестікке серпін береді. Бүгін Ақордада Беларусь сыртқы істер министрі Максим Рыженковты қабылдаған Қасым-Жомарт Тоқаев өзара алыс-берістің жайын талқылады. 2025 жылдың қорытындысы бойынша тараптардың тауар айналымы 30 пайызға ұлғайып, 1,2 миллиард долларға жетіпті. Басқосуда Мемлекет басшысы Қазақстан өнімдерінің экспортын арттыру мәселесін алға тартты.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
«Біз Сіздермен барлық салада ынтымақтастықты дамытуға айрықша назар аударамыз. Беларусь мемлекеттілігіне, оның төл мәдениеті мен тарихына құрметпен қараймыз. Ықпалдастығымыз, әсіресе, экономикалық салада дәйекті түрде дамып келеді деп айтуға толық негіз бар. Биыл мамыр айында Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңес отырысын өткіземіз. Сол кезде көпжақты күн тәртібінен бөлек, елдеріміз арасындағы ынтымақтастықты дамытуға байланысты басқа да мәселелерді міндетті түрде талқылаймыз».
Кездесуде өнеркәсіп кооперациясы, көлік, ауыл шаруашылығы, туризм және басқа да бағыттар бойынша ынтымақтастықты тереңдетудің маңызы қаузалды. Тараптар өзара байланыстың арнасын кеңейтіп, ортақ шешімдерді ширата түсуге уағдаласты.
Бердібек Қарынбай