Мазмұнға өту
· 5 қаралым

Мектеп бітіру кешіне ақша жинау дұрыс па?

Мектеп бітіру кешіне 300 мың теңгеден жинағандар жұрттың жағасын ұстатты. Әлеуметтік желілердің бірінде түлектің анасы дәл осындай сорақылық жайлы жазып, жұртқа үндеу тастаған. Келіншек шаш етектен келетін шығынның қалтаны қағатынын айтып шырылдаған. Бұл мектеп басшылығының шешімі ме? Әлде желігіп жүрген кейбір ата-аналардың өзі ме?

Алматыда түлектер кешіне жиналған ақша үлкен дауға айналды. Ғалия Ақынова мектеп бітіретін балаларға банкет ұйымдастыру үшін әрқайсысынан 300 мың теңге жиналатынын естіп, жағасын ұстаған.

ҒАЛИЯ АҚЫНОВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:

«Біріншіден, мен түлектер кешіне ақша жинауға қарсы емеспін. Балалар үшін мереке болғанын жөн деп санаймын. Алайда бізге айтылған сома өте қомақты болды. Өзім көпбалалы анамын. Содан осынша ақша қайда жұмсалатынын сұрадым. Сонда маған: егер жағдайыңыз болмаса немесе қаламасаңыз, келмей-ақ қойыңыз, біз түсінеміз, деді. Мектеп мұндай әрекетке қалай жол беріп отыр? Негізі ата-аналар келісіп, ақылға қонымды қаражат жинаса, барлық бала отырысқа барар еді».

Ғалияның сөзінше, жанжал қаңтар айында басталған. Сол кезде-ақ ол әр оқушыдан жиналатын ақша тым көп екенін айтқан.

ҒАЛИЯ АҚЫНОВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:

«Мен берілген жоқпын. Бағасы екі-үш есе арзан болатын ұсынысымды да жеткіздім. Бірақ оны ешкім құлаққа ілмеді. Шу шыққан соң ғана қозғала бастады. Шығынды азайтты. Бірақ, ойлаңызшы, соның өзінде тамадаға 9 млн теңге төленеді. Ол кәдімгі той жүргізетін, қызметі бірнеше есе арзан тұратын қарапайым адам. Біз ақшамыздың қайда жұмсалатынын білуіміз керек қой. Бәрі ашық болуы қажет. Алайда «мектепті ұятқа қалдырдың» деп өзіме қысым жасалып жатыр».

Осыдан кейін біз түлектер кешін ұйымдастырып жүрген жандармен сөйлесіп көрдік. Олар да бұл қаражаттың тым көп екенін айтты.

ӨРКЕН ЕСЕНБЕКҰЛЫ, EVENT ҰЙЫМДАСТЫРУШЫ:

«300 мың теңге адам басына – адам сенгісіз сома. 200 мың теңгеге бірталай нәрсе жасауға болады, тіпті артылатын сома да қалады. Негізі банкеттің өзі стандартты тұрғыда 30 мың теңгені құрайды. Одан кейінгі сұраныстар – виньетка. Оның бағасы 12–15 мың теңге аралығында. Лентасын да бізден алып жатыр, 1500–2000 теңге шамасында».

Ал депутат Асхат Аймағамбетов мұндай мектеппен қоштасу кештерін ұйымдастыруға шектеу қою мәселесін бұған дейін бірнеше министр көтергенін айтты. Бірақ ата-аналардың өзі бастамашы болғандықтан, бұл мәселе жыл сайын талқыға түседі дейді.

АСХАТ АЙМАҒАМБЕТОВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ:

«Мұғалім «ақша әкеліңдер, лимузин жалдайық, үлкен тойханада өткізейік» деп ешқашан айтпайды. Тіпті директор да, мұғалімдер де, сынып жетекшілер де ысрапшылдыққа жол бермей, кешті мектеп қабырғасында өткізуге тырысады. Мәселе одан кейін ата-аналардың қабылдайтын шешімдерінде».

Сөйтсек, расымен жоғарыда айтылған ақша жинау мәселесіне мектеп әкімшілігінің қатысы жоқ болып шықты. Мұны Алматы қаласының білім басқармасы растады. Ал Оқу-ағарту министрлігі салтанатты жиынға тек түлектерге аттестат табыстау рәсімі жататынын, оның өзі оқу орнында ғана өтетінін мәлімдеді.

ШЫНАР АҚПАРОВА, ҚР ОҚУ-АҒАРТУ МИНИСТРІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:

«Мектеп кештерін, банкеттерді және ойын-сауық сипатындағы өзге де іс-шараларды, оның ішінде білім беру ұйымдарынан тыс – мейрамханаларда, кафелерде, банкет залдарында, демалыс базаларында өткізуге тыйым салынады».

Мамандар мұның барлығы балалардың қауіпсіздігі үшін қабылданған шешім екенін айтады. Сондай-ақ ведомство түлектерден және ата-аналардан сыйлықтарға, сауық кештерге ақша жинауға рұқсат берілмейтінін ескертті.

Маржан Нүсіпбек

← Барлық жаңалықтар