Біздің жігіттер әскерде құр жүрген жоқ, бірқатар қажетті мамандықтарды меңгеріп жүр. Мәселен, Гвардейск гарнизонында 600 сарбаз әскери-техникалық бағыттағы дағдыларды игеріпті. Нақтырақ айтсақ, небәрі бес айдың ішінде танк механик-жүргізушісі, жаяу әскердің жауынгерлік машинасының жүргізушісі, ауыр жүк көліктерінің жүргізушісі, сондай-ақ аспаз мамандығын үйренген. Курсты тәмамдағандар С және С1 санатындағы куәлікке ие болды. Олар әскери техниканы тізгіндеп, жеке құрам мен жүктерді тасымалдау міндеттерін орындайды. Ал мерзімді қызметін аяқтаған соң көлік логистикасы саласындағы жұмыс орындарына тұра алады.
ТАХИР ӘБДІРАЗАҚОВ, ҚАТАРДАҒЫ ЖАУЫНГЕР:
«Бүгін оқу мерзімі аяқталып, емтихандарымызды тапсырып, куәліктерімізді алдық. Осы уақыт ішінде әскери өмірдің тәртібіне үйреніп, шыдамдылық пен төзімділікті арттырдық. Әскерде біз қару-жарақпен жұмыс істеуді, тактикалық іс-қимылдарды, саптық дайындықты үйрендік. Сонымен қатар тәртіп пен бірлік – ең басты құндылық».
Қуат Құдайберген