Түп-тамырымыз бен салт-дәстүрімізден сыр шертетін ерекше шара. Елордада отандық суретші Лейла Махаттың жеке көрмесі ашылды. Мұнда қылқалам шеберінің осы уақытқа дейін қиялынан туған картиналары жұртшылық назарына ұсынылды. Ал көрмеге «ТЕК» деген айдар тағылған. Дана халқымыз бұл сөзге ерекше мән берген. Сондықтан адамның шыққан тегі көп дүниені аңғартуға мүмкіндік береді. Көрмеге суретшінің қаламынан шыққан 37 картина қойылды.
ЛЕЙЛА МАХАТ, СУРЕТШІ:
«Мен үшін бұл көрме – үлкен сынақ алаңы. Әр туындыны саламын деп мен көз майын тауысып, күн-түн демей еңбек еттім. Мәселен, мына картиналар нақышына келтіріліп боялып, оның бетіне арнайы май жағылады. Ал түркі тілдес елдерден мен жеке-жеке екі әйел кейіпкерін таңдап алдым. Себебі түркі әлемінде із қалдырған бұрымдылар аз емес. Көрменің атауы да тегіннен-тегін таңдалған жоқ. «ТЕК» деген сөзге ұлтымыз қатты мән береді».
Қазақ қоғамындағы жылқының рөлі, қасиетті жануарлар мен археологиялық құнды жәдігерлер – осының барлығы көрмедегі картиналарда асқан шеберлікпен бейнеленген. Сондай-ақ қылқалам шебері XVII–XIX ғасырлардағы бойжеткендердің әшекей бұйымдарын да айнытпай суреттеген. Ал Лейла Махаттың ең ірі жұмыстарының бірі – Түркі әлеміндегі әйелдер туралы 14 картинадан тұратын туынды. Бір сөзбен айтқанда, «ТЕК» – автордың шыққан тегі мен таңдауы туралы ой-толғанысынан туған атау.
САЛТАНАТ САБЫР, ӨНЕРТАНУШЫ:
«Ең алдымен, бұл туындылар – ауқымды зерттеу жұмыстарының нәтижесі. Бұл өте қызықты тәсіл. Өйткені сериялардың тақырыптары әр түрлі болып көрінгенімен, олар бір идея ұсынады. Есте сақтау, барлау, өзін-өзі тану, халқын тану, мәдениет пен тарих сынды салалардан сыр шертеді».
Қайыркен Отыншы