Мазмұнға өту
· 14 қаралым

Жаңа мектепке зар болған ауыл

Жетісу облысының Сарытөбе ауылы бір мектепке зар болып отыр. Қазір мұндағы балалар әбден тозығы жеткен екі ғимаратта білім алып жатыр. Нысанның біреуі 1938 жылы бой көтерсе, екіншісі 1978 жылы салыныпты. Содан бері ауыл жаңа білім ошағына жарымаған. Қанша жамап-жасқаса да, ескі нысанның іргетасы ажырап, сылағы түсіп, едені шіріп жатыр. Ауыл тұрғындары да, мұғалімдері де «жаңа мектеп керек» деп қақсағалы 10 жылдан асыпты.

СЕРІК КӘРІБАЕВ, АУЫЛ ТҰРҒЫНЫ:

«Даже менің немерелерім де оқыды осы мектептен. Қарап тұрсаң, ештеңе жоқ. Условия жоқ. Бұрын салынған мектеп қой енді. Заманауи қазіргі мектеп жоқ. Сырттан балалар күреске келеді. Даже балаларды қарауға мұршасы жоқ. Спортзалды көрсетейік, пол түсіп кеткен. Цементпен ғана сылаулы тұр».

ТАҢЖАРЫҚ ВАЛИБАЙ, МЕКТЕП МҰҒАЛІМІ:

«Бұл мектепте условия жағы төмен. Қазір оқушылармен жұмыс жасау барлығы жасанды интеллектіге байланысты ғой. Сондықтан заманауи түрде сабақ өту қиынырақ болып жатыр. Сондықтан бізге жаңа мектеп салып берсе. Заманға сай, оқушыларымызға да, мұғалімдерімізге де ыңғайлы».

Бүгінде мұнда 105 оқушы бар, 29 ұстаз жұмыс істейді екен. Аудан әкімдігі 2025 жылы осы ауылға мектеп салу үшін бюджеттік өтінім берілгенін айтты. Жағдайды оқу-ағарту министрлігі мен облыс әкімдігі қадағалап отырған көрінеді. Егер бәрі оңынан болса, келесі жылы жаңа мектептің құрылысы басталмақ.

ҚАЙСАР БЕКҚОЖАЕВ АУДАНДЫҚ БІЛІМ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ:

«Сарытөбе ауылындағы мектептің жобалық-сметалық құжаты түгел әзірленген. Экспертизадан өткен. 2,1 млрд теңгені құрайды мектеп құрылысы. Мектеп 120 орындық. 2027 жылы Сарытөбе ауылындағы мектептің құрылысы басталады».

Маржан Нүсіпбек

← Барлық жаңалықтар