Жамбылда «жаңа жолға жеттік-ау» деген жұрт енді ескі асфальтқа зар болып қалды. Айтуларынша, мердігер тас жолды талқандап, құрылыс жұмыстарын қалай болса, солай жүргізген. Содан қазір жер-көктің шаңы шығып, жартылай төселген асфальт жылға жетпей бүлініп жатыр. Құрғақта шаң жұтып, жауында батпаққа батқандар туралы Дәурен Доғдырбай баяндайды.
Сау асфальтымызды сүріп, атқамінерлер азапқа салды. Осылай деп тас жол бойында ашынған тұрғындар ескі жолдың өзі арманға айналды дейді. Сөздерінше, әкімдік өткен жылы шекара маңындағы ауылға жол құрылысын бастаған. Мердігер тиісті 10 шақырымның жартысын ғана төсеп, кейін ізін суытқан. Содан кейін ауыл ағайын кәсіпкерді тек қыста техникасын алып кетуге келгенде ғана көрген.
«4,5 км салынған жол стандартқа жатпайды, шынын айтқанда. Мұны қайтадан бұзып, қайта жөндету керек! Астында қажетті негіз де жоқ!»
Қаратау елдімекеніндегі тұрғындар қазір шаң жұтып, жауын жауған сайын батпаққа батып жүр. Кедір-бұдыр жол халықтың жүйкесін жұқартып, көліктерін әбден тоздырған.
«Қаратау елдімекеніндегі жұрт өткен жылы 18 шақырымды бар болғаны 10 минутта бағындыратын. Ал қазір тас жолдың талқаны шыққан соң жарты сағат жүреді. Көліктері қайта-қайта бұзыла берген соң, әлеуметте жөндеу орталығына жиі кіріп шаршаған».
«Қанша машина сынып жатыр, бір-бірін сүйрелеп жүргендері қаншама?! Келе жатып сақырлағанда, машинаны тастап, безіп кеткің келеді, шыны керек. Әрекет жоқ қой, артында қимыл жоқ. Ешкім іздемейді!»
Ауылдағы ағайынның жанайқайы әкімдікке жетсе керек, атқамінерлер оқиға орнына жедел жетті. Мәселеден хабардар билік құрылыс жұмыстарының ауа райына байланысты тоқтағанын мәлімдеді. Уақытша үзіліске битум тапшылығы да әсер еткен. Енді жауаптылар алдағы күндері құрылыстың тамырына қайта қан жүгіретінін айтып отыр.
«Кепілдік мерзімі бар бұл жерде. Қазір жолды толық бітірсін. Ол бойынша технадзор бар, анықтаймыз, жұмыс жүргіземіз. Қазір бұл жол әлі қабылданайын деп тұрған жоқ».
Қаратаудан қалаға қатынайтын жолдың 10,5 шақырымына қазынадан 200 миллионнан аса қаржы бөлінген. Енді мердігер 4,5 шақырымды екі айда аяқтауы тиіс. Ал асфальттағы кемшіліктерді кәсіпкер қайта қалпына келтірмек.