Мазмұнға өту
· 2 қаралым

Арықтаймын деп, денсаулықтан айырылып қалмаңыз!

Артық салмақтан арылам деп, денсаулығыңыздан айырылып жүрмеңіз. Бәлекеттің түр-түрін тұтынып, арықтататын дәрі ішкендердің жағдайы керемет емес. Арасында ажал құшқандар да бар. Дәрігерлер зиянды препараттардың бауырға әсерін айтып, түсіндіріп берді.

Астаналық тұрғынның артық салмақпен арпалысып жүргеніне бірнеше жыл болыпты. Амалы таусылған ол түрлі препараттарды тұтынған. Таблеткасын ішіп, сусындарын сіміріп, жұрттың жарнамасындағы шай-пайына дейін көрген. Алғашында жақсы нәтиже беріп, көңілі орнығып, біртіндеп салмағы азая түскен. Алайда бұл қуанышы ұзаққа бара қоймапты. Артынша денсаулығы сыр беріп, ағзасы әлсіреп, тіпті ота да жасатқан. Келіншектің бұл қателігінен жақындары хабардар болмаған соң, ол түр-әлпетін көрсетпеуді өтінді.

Бұрын 15 кг тастасам, оның орнына, мысалы, 30 келі қосып алдым. Одан кейін мен операцияға түсіп қалдым. Себебі дәрігерлер маған айтты: сол препараттардың кесірінен менің бауырыма зақым келді. Өтімде тас толды. Соның барлығы өтті алып тастап, сондай бір күрделі операция жасалды. Бірақ сонда да қайтадан салмақ жинаған соң, мен қайтадан сол препараттарға бардым. Бірақ кейін мен басқа препараттарға бардым. Бірақ олардың да әсері дәл сондай болды. Жалпы олардың денсаулыққа зияны өте көп екеніне енді ғана көзім жетті десем болады.

Жарнамасы жер жарып тұрған препараттарды көпшілік көріп жүр. Сондықтан ақ халаттылар мұндай дүниелерді бейберекет іше беруді құптамайды. Тіпті оның соңы қайғылы жағдайға да ұласуы мүмкін, дейді.

АЙНҰР ТАЙР, ЭНДОКРИНОЛОГ:

«Қан қысымының жоғарылауы, жүрек соғысының жиілеуі, сонымен қатар гормоналдық жүйенің бұзылысына алып келуі мүмкін. Яғни, біз ішкен барлық дәрілер бауыр арқылы фильтрден өтеді. Егер де біз көп мөлшерде құрамы белгісіз дәрілерді ішетін болсақ, бауырдың қызметінің төмендеуіне алып келуі мүмкін. Өте сирек кездеседі. Яғни, адамнан айырылып қалатын жағдайға дейін алып келуі мүмкін».

Сондай-ақ қазіргі таңда қарындағы майдан оп-оңай құтылу үшін арнайы отаға жүгінетіндердің қатары көп. Қыруар ақшаға операция жасатып, бірден 50–60 келіге дейін арықтап жатқандар бар екен. Бірақ кәсіби жаттықтырушы мұны адамның әлсіздігі деп санайды. Оның айтуынша, нақты мақсат болса, дұрыс қозғалыс жасап, жүріп те, жүгіріп те салмақ тастауға болады.

ТАҢНҰР АХАНОВ, КӘСІБИ ЖАТТЫҚТЫРУШЫ:

«Операция жасатасыз, ол максимум 2–3 жыл, максимум 4 жылға созылуы мүмкін. Бірақ егер сіз осы кезге дейінгі өмір сүру салтыңызды өзгертпесеңіз, тамағыңызды дұрыстамасаңыз, спортпен айналыспасаңыз, ол 3–4 жылдан кейін сізге обратно қайтып келеді. Ешқандай нәтиже жоқ одан».

Дұрыс тамақтануға, фитнес залға шығын шығармай-ақ, азуға болады. Бұл сөзімізге дәлел – елордалық Аружан Омарбек. Ол күнделікті жүріс-тұрысының арқасында толықтықтан арылған.

АРУЖАН ОМАРБЕК, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:

«Күніне 26 мың қадам жасап, үйдің күнделікті өзіміз жасап жүрген ортақ столға жасалатын плов, лагман, бешбармақ жеп жүріп арықтадым. 7 айда –30 кг кетті. Сосын тағы да –1 кг. Жалпы 31 кг арықтадым».

Бірі оңай жолмен құтылып, кейін ауырып ем іздеп жүрсе, енді бірі қимыл-қозғалыстың арқасында белгілі бір нәтиже шығарған. Талай жанды қалыпқа келтірген жаттықтырушы тәртіп пен тұрақтылық болса жеткілікті дейді.

ТАҢНҰР АХАНОВ, КӘСІБИ ЖАТТЫҚТЫРУШЫ:

«Кез келген арықтағысы келетін адамға ең бірінші тәртіп, дисциплина қажет. Тәртіпті реттеу керек, сосын тамақ ішу үрдісін, питание – яғни, не ішіп, не жейтінін реттеп, баланс сақтау керек. Сосын жаттығу жасау керек».

Азамын деп, кейін азабын тартып жүрмеңіз. Диета ұстауға бел бусаңыз, тексерістен өтіп, арнайы мамандардың кеңесіне құлақ асқан жөн.

Қуат Құдайберген

← Барлық жаңалықтар