Түркістан облысы Келес ауданындағы баспаналарға қауіп төніп тұр. Тіпті бір үй опырылып қалған. Бұған себеп – Келес өзенінің арнасы бұзылып, қазір жарға соғылып ағып жатыр. Салдарынан жар 20–30 метрге дейін опырылып, енді біраз тұрғынды баспанасыз қалдыруы мүмкін. Осыған дабыл қаққан қараша бармаған жері, баспаған тауы жоқ. Бірақ жауаптылардан көмек болмағанын айтып, жағдайларын тілшілерге жайып салды. Ғалымжан Кенжебек мәселенің мән-жайын біліп қайтты.
Бұл баспана Келес ауданы Жуантөбе ауылындағы Есіркеповтер әулетінің қарашаңырағы болған. Қазір жардың опырылуынан үйлері қирап, түгі қалмапты. Жанындағы ошағы мен қорасы, тіпті электр бағаналары да суға кеткен. Әбүйір болғанда, отбасы мүшелері дін аман. Жардың үздіксіз құлап жатқанынан қорыққан келіншек жағдайын айтып, көмек сұрап жүргеніне 2 жылдай болған. Ауыл басшысынан бастап, облыс әкімдігіне дейін кіріп шыққан. Бірақ нәтижесі мынау – үйлері тұруға жарамсыз болып қалған. Ендігі қорқыныштары – екінші үйлері де жақын арада опырыла ма деген үрей.
ҚАРЛЫҒАШ КЕҢЕС, КЕЛЕС АУДАНЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
Үй құламай тұрып, мен бірінші ауыл әкімшілігіне барғанмын. Үй құлап жатыр, қандай көмек болады деп. Олар Келес арнасын бұрамыз деді, бізге өтініш тастап кетіңіз деді. Өтініш тастап кеттім. Кейін бір апта, он күннің ішінде қайта бардым. Ешқандай жауап болмаған соң, Келес аудандық әкімдігіне бардым. Төтенше жағдай қызметін шақырды, олар келіп бәрін суретке, видеоға түсіріп кетті. Төтенше жағдай қауіпті деп танып тұрған жоқпыз деді. 5–6 айдың көлемінде құлады.
Енді өзге тұрғындар да жандарын шүберекке түйіп отыр. Мәселенің барлығы ауылдың төменгі жағындағы заңсыз карьердің салдарынан деп отыр. Себебі тас алынған сайын жоғары жақтан келетін өзеннің ағысы күшейіп, жарларды шайып кетіп жатыр екен. Ал тұрғындар карьердің жұмысын жауаптылар тоқтата алмай отыр дейді. Тіпті бір ғана ауыл емес, төңіректегі үш елді мекендегі үйлерге де қауіп төніп тұр.
РҮСТЕМ ОРАЗБАЕВ, КЕЛЕС АУДАНЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
Мысалы, мына жер құлайтын болса, мектепке де қауіп төніп тұр. Мектептің де қоршауына жақындап қалған. Оның бергі жағында 30–40 үй бар. Бұл бетінде де бірталай үй қауіпте тұр. Дәл қазір менің екі сыныптасымның үйі жардың түбінде. Біреуі 3–4 метр, біреуінікі шамамен 15 метр жерде.
Ал ауданнан келген шенеунік кәсіпкерлерді тартып, өзен арнасын бұру жұмыстарымен айналысамыз деп отыр. Оған екі ай көлемінде уақыт қажет екен. Бірақ бұл мәселенің нақты шешімі емес екенін әкім орынбасары да мойындап отыр. Проблеманы түпкілікті жою үшін акт түзіліп, төтеншеліктерге жіберілген. Ары қарайғы жұмыспен төтенше жағдай қызметі айналысуы тиіс дейді.
СҮЛЕЙМЕН ЖЫЛҚЫБАЕВ, КЕЛЕС АУДАНЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:
Жардың жағасында қазір 50-ден астам үй бар. Бірақ олардың біразының құжаттары жоқ. Құжаттандыру мәселесі бойынша да жұмыс жүргізіліп жатыр. 2024 жылы Келесте 11 жерде осындай жұмыстар жүргізгенбіз. Қазіргі уақытта да жеті жерде осындай жағдай бар. Абайдан бастап Ғани Мұратбаевқа дейінгі Келес өзені бойындағы жар ұрып жатқан жерлердің барлығына акт толтырып, төтенше жағдай басқармаларына жолдадық.
Ал тұрғындар ортасына келген төтенше жағдай қызметкері нақты жауап бере алмады. Оқиға бойынша қандай жұмыс атқарылып жатқанын да айта алмады.
ЖАНБОЛАТ ТАСТАНҚҰЛ, КЕЛЕС АУДАНДЫҚ ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙ БӨЛІМІНІҢ АҒА ИНЖЕНЕРІ:
– Бізге кім арыз түседі, сол бойынша жұмыс істейміз.
– Бұл үй бойынша кімге айттыңыздар?
– Иесі келеді, арыз жазады. Келеді, көреді, акт жасаймыз.
– Бұл үйге акт жасалды ма?
– Жоқ, акт жасалған жоқ. Хабарым жоқ бұл үйден.
Қалай болғанда да күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан қалған тұрғындар мәселені тез арада шешіп беруді талап етіп отыр. Егер шұғыл шара қабылданбаса, соңы қайғылы жағдайға алып келуі мүмкін деп алаңдайды.
Ғалымжан Кенжебек