Мазмұнға өту
· 2 қаралым

Жаңа үйдің жыры бітпей жатыр

Тараздықтар 3 күннен бері тал-теректі жағалап жүр. Тіршілік нәрі уақытша сөндірілгеннен кейін, қарашаға қажеттіліктерін өтеу қиындаған. Мердігер телефонын алмай, әкімдік мардымды жауап қатпаған соң, әлеумет кеше кешқұрым жолды жауып тастаған. Осылай мәселені шешпек болғаны үшін құзырлылар бұқараны қамаймыз деп қорқытыпты. Жаңа шағын аудандағы мәселені Дәурен Доғдырбай айтады.

Бұл – қала шетіндегі Шапағат мөлтек ауданы. Өткен жылы пайдалануға берілген. Бұқара баспаналарына қоныстанған күннен бастап әбден әбігерге түскен. Өйткені көпқабатты үйде алғашында екі ай қатарынан көгілдір отын болмаған. Сөйтіп қараша қосымша қаржы жұмсап, ас-ауқат әзірлеу үшін электр плитасы мен газсыз жұмыс істейтін құралдар сатып алған. Қыста газ беріліп, «енді жағдай түзелді» дегенде, екі аптаға жуық уақыт жарық болмапты. Содан бері жауын жауса, төбеден су өтіп, қабырғалары көгеріп, жұртты шаршатқан.

НҰРГҮЛ СЕЙТАЕВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:

Қанша жыл арендада жүріп, үйге жеттім-ау дегенде, алған үйім осы деп қалам. Шатырдан жауын жауса, су ағады. Жуыну бөлмесі, әжетханадан, жатын бөлмедегі терезенің шеті көгерді. Тегін беріп жатқан жоқ қой, үкімет. Тегін берсе, отыра беретін едік қой.

Қараша қабырғамен алысып жүргенде тіршілік нәрі тоқтап қалған. Алғашқы күні «2 сағаттан аспайды» деп серіктестік ескерткенмен, тұрғындар күні бойы суды пайдалана алмағандарын айтады. Кейін мердігер тіпті хабар беруді қойды, – дейді ашынған әлеумет. Кәсіпкер телефонын алмай, жергілікті билік жауап бермеген соң, амалсыздан тас жолды жауыпты.

Су сөнгеннен кейін жуынып-шайыну былай тұрсын, бұқараға қажеттерін өтеу қиынға соққан. Тұрғындар үш тәулік бойы жиде талды жағалап, дәрет сындырған.

ГҮЛНӘР БАЙТЕЛИЕВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:

Судың жоқтығынан көп су жинап үлгермеген. Ол ұзақ уақыт өшеді деп ойламаған. Сондықтан әжетханада су болмаған соң, жасыратыны жоқ, жиде тал жағалағандар болды, құрылыс алаңына барғандар болды.

Әкімдіктің мәліметінше, 16-шы шағын ауданда ауыз су құбыры жарылып, тіршілік нәрін беру уақытша тоқтатылған. Бұл туралы тұрғындарға алдын ала ескертілгенін айтады. Ал төбеден су сорғалап, сылақтар сыпырылып, сызаттар түскен жерлерді мердігер қайта қалпына келтіреді дейді. Бір ай ішінде түзетпесе, заң аясында шара қолданамыз деп отыр.

ДАМИР ЖАМАНБАЕВ, ҚАЛАЛЫҚ ҚҰРЫЛЫС БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ:

400 диаметрлі су құбыры жарылған болатын. Оның алдында да 3 күн бұрын дәл сол жерден ақау пайда болған. Ол кезде де жамалған, бірақ дұрыс істелмеген. Полиэтилен құбыр болғандықтан, жамалған жерінен ажырап кеткен. Соны қайта жөндеп, кешкісін су бердік. Қазір тұрақты түрде су беріліп отыр.

Жаңа шағын ауданның су мен электр желілері әлі күнге дейін әкімдік теңгеріміне өтпеген. Мәселе құрылысы жүріп жатқан 27 қосалқы станция аяқталғаннан кейін ғана шешіледі. Содан соң нысандар жергілікті билік қарауына беріледі. Айта кетейік, 16-шағын ауданда алдағы уақытта 82 үй салынуы тиіс. Саны көп болғанымен, сапасы қандай болары уақыт еншісінде.

Дәурен Доғдырбай

← Барлық жаңалықтар