Солтүстікте қызыл судың екпіні әлі басылмай тұр. Еріген қар жазыққа жайылып жатыр. Мамандар алдағы күндері мұның бәрі жиналып, Сергеев қоймасын тағы толтыруы мүмкін деп болжап отыр. Сондай-ақ синоптиктер су тасқынының қарқыны Новоникольское ауылына қауіп төндіріп тұрғанын айтты. Ал Есіл өзені алдағы бірнеше тәулікте қауіпті межеге жетуі мүмкін. Әзірге айдынды жағалай орналасқан саяжайларда тұратындар сақ болғаны жөн. Алайда жауаптылар жағдай тұрақты екенін жеткізді.
НАТАЛИЯ ЛЕВИНА, «ҚАЗГИДРОМЕТ» РМК ОБЛЫСТЫҚ ФИЛИАЛЫ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
Сергеев су қоймасындағы судың көтерілуі сәуірдің соңында шегіне жетеді. Есіл өзеніндегі судың деңгейі 2024–2025 жылдарға қарағанда төмен болады деп болжап отырмыз.
ӘСЕТ ШАЙКИН, ОБЛЫСТЫҚ ТЖД ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙЛАРДЫҢ АЛДЫН АЛУ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ:
Петропавл қаласының шетінде су деңгейі көтерілуі мүмкін. Қазіргі уақытта «Учитель» және «Лесовод» саяжайларының кіреберістерінде бөгет қойылды. Ол жерлерде полиция департаментінің және азаматтық қорғау қызметінің өкілдері кезекшілік атқарып жатыр. Өйткені мұндағы өткелдерде су жиналып, жол жабылды.
Сондай-ақ төтенше жағдай мамандары қауіпті учаскелерде жағдай тәулік бойы бақылауда екенін айтты. Барлық ақпарат су тасқынына қарсы құрылған жедел штабқа жеткізіліп отырады.
Маржан Нүсіпбек