Мектеп жасындағы ұл-қызыңыз әлеуметтік желілерде кіммен сөйлесіп жүргенін қадағалаңыз. Түрлі аккаунттың артында арам жоспары жасырылған жандар бар екенін білген абзал. Мәселен, қазір 10-12 жастағы қыз балаларға интимдік мақсатта хабарласатын ер адам көбейген. Азғын қиялынан туған жиіркенішті ойларын оқушыларға қорықпай білдіріп, қымсынбай кездесуге шақырады. Ал қазір мұндай ауытқуы бар жандардың жолын кесемін деп жанталасып жүргендер жайлы айтпақпыз. «Жаңа адамдар» деп аталатын ұйымдағы жастар педофилдердің әрекетін әшкерелеп, полицейлердің қолына ұстатып жібереді. Бұл да қара пиғылдылармен күрестің бір түрі. Олар есірткі сатушыларды да, жасөспірімдерге ішімдік ұстатқандарды да, жұртты жалған құжатпен жарылқап жүргендердің де қауіпті ісін шорт кеседі.
ЖАҚСЫЛЫҚ ЖАСҰЛАНҰЛЫ, ТІЛШІ
Жастарды жинап алып не істегелі жатыр? – демеңіз. Бұл қоғамдағы ақтаңдақтарды анықтап жүрген ұл-қыздар. Саусақ бірігіп, ине ілігіп, игілікті іске аттанғалы жатыр. Жаңа адамдар жастар қозғалысының тағы бір бағыты – рейдке шығып, заңсыздықты анықтау. Біз қазір жалған медициналық құжаттар жасайтын клиникаға бара жатырмыз. Сол жаққа барып, бізге жалған құжаттарды бере ме, бермей ме, соны бірге анықтайтын боламыз.
Жоспар құрып, көлікке мініп, емханаға тура тарттық.
АЙДЫН АБУТӘЛІ, «ЖАҢА АДАМДАР» ЖАСТАР ҚОЗҒАЛЫСЫНЫҢ БЕЛСЕНДІСІ:
Жалпы қалай жасаймыз? Әртүрлі клиникалар бар ғой қазір. Соның барлығына бір-бір белсендіміз барып, анықтама сатып алып көреді. Яғни сол бойынша анықтаймыз. Және ол нәрсе бір рет емес, бірнеше рет қайталанса, оның тұрақты түрде жасалып жатқанын анықтаймыз да, содан кейін рейд жасаймыз.
Дәрігер әбігерге салмасын деп, елдің бәрі осында бас сұғады. Алдымен «Жаңа адамдар» қозғалысының бір мүшесін жібердік. Кірді де, құжатты алып шықты. Сөзіміз дәлелді болсын деп, өзіміз де ішке ендік. Жасырын камерамды қосып, дәрігердің қабылдауын тосып отырдым. Сөйтсем, ақшаң болса, шешілмейтін түйін жоқ.
ЖАҚСЫЛЫҚ ЖАСҰЛАНҰЛЫ, ТІЛШІ:
Міне, құрметті көрермен, өздеріңіз көріп тұрсыздар. Менің клиникаға кіргенімнен шыққаным тез болды. Өткен үш күнде жұмыста болмағандығым туралы анықтаманы әп-сәтте алып шықтым. Бұл ештеңе емес. Егер жұмысқа орналасатын болсаңыз да, осындай медициналық анықтаманы әп-сәтте, ақшасын төлесеңіз, ала аласыз.
Бұл ісіміз бекер емес. Өйткені өткен жылы Ақтөбеде шу шықты, кейін ушықты. Туберкулезбен ауырған медбике балалар ауруханасында жұмыс істегені анықталды. Ол флюорографиясын қолдан жасаған көрінеді. Жыл сайын 14 мың бала ем алатын мекемедегі жағдай жұрттың жағасын ұстатты. Артынша аурухананың 55 қызметкері түгел тексеруден өткен. Ал заңгерлер жалған құжат жасағандарға жаза қатал дейді.
ЖАНДОС ТҰЯҚОВ, ЗАҢГЕР:
Құқық беретін немесе қандай да бір міндеттемеден босататын құжат сату үшін қылмыстық қудалау қарастырылған. Жалған құжатты пайдалану мәселесіне келсек, бұл 385-баптың 3-бөлігінде нақты көрсетілген. Бұл жерде жауапкершілік қарастырылған: айыппұлдан бастап, 40 тәулікке дейін қамаққа алу шарасы бар.
Бұл «Жаңа адамдар» жастар қозғалысының бір ғана әрекеті. Қаршадай ұл-қыздар қанатымен су сепкен қарлығаштай қоғамның қамы үшін шапқылап жүр. Олар сананы сілкінткен талай істің су бетіне қалқып шығуына сеп болды. Мәселен, өткен жылы өрімдей қыздардың өмірімен ойнап, қара ниетін жүзеге асырмақ болған 20-ға жуық педофилді анықтады.
ӘЛЕМ ӘЛІПБАЕВ, «ЖАҢА АДАМДАР» ЖАСТАР ҚОЗҒАЛЫСЫНЫҢ БАСПАСӨЗ ХАТШЫСЫ:
Біздің мақсат – әрбір педофилді ұстап беру емес. Біздің мақсат – ата-аналардың, үлкендердің өз балаларының, бауырларының қауіпсіздігіне деген назарын арттыру. Егер қандай да бір педофилдің заң тұрғысынан жазалануы туралы айтсақ, кейбір істер бойынша азаматтық, кейбірі бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Президенттің «Әділетті Қазақстан» идеясының негізінде құрылған топтың құрамында 15 мың адам бар. Еліміздің 19 өңірінде штабы тіркелген. Аузымен орақ орып, қолымен жаңғақ шаға алмайтындарға қарағанда, қоғамға тигізген пайдасы орасан.
АЛМАТ ҚУАНЫШ, «ЖАҢА АДАМДАР» ЖАСТАР ҚОЗҒАЛЫСЫНЫҢ БЕЛСЕНДІСІ:
Қазақстанда болып жатқан оқиғалардың барлығы маған тікелей қатысты деп сезінемін. Маңызды емес – экологиялық мәселе болсын, балалардың қауіпсіздігі болсын немесе заңға қатысты болсын. Сол мәселелер мені алаңдатқандықтан, «Жаңа адамдармен» бірге түрлі науқандар мен іс-шараларға қатысып, өз үлесімді қосқым келеді.
Иә, Жаңа Қазақстанның жаңа адамы болу үшін әркім өзгерісті өзінен бастауы керек. Өркениетті қоғам қалыптастыру үшін қалтқысыз қызмет етіп жүрген азаматтардың қарасы қалың. Мұндайда қазақтың «жақсыны күшінен емес, ісінен таны» дегені ойға оралады. Ал жақсылар жақсымын деп айта алмайды.
Жақсылық Жасұланұлы