Мазмұнға өту
· 3 қаралым

Трамптың «жаңа тәртібі»: Таяу Шығыстағы бітім мен әлемдік дағдарыс

Қираған үйіне де қимай, күл-талқаны шыққан қаласына сағына оралатындар бар әлемде. Әңгіме соғыс өрті жайлаған елдердегі жыларман жағдай туралы. Таяу Шығыстағы талайды бұйығы тірлігінен айырған қанды қырғын әзірге тоқтап тұр. Ливан мен Израиль бір-біріне көз алартып, қарудан оқ атпаймыз деп он күнге келіскен. Бомбалаудың астындағы баспаналарына қайта орала бастаған ливандықтардың көз жасы көл. Олардың ендігі арманы – бұрынғы бейбіт өміріне қайта оралып, күйбең тірлікпен қауышу. Бірақ бұл ойлағандары оңынан туар ма екен?

УАҚЫТША БІТІМ

Таяу Шығыстағы қантөгіс сәл де болса саябырсыды. Израиль мен Ливан арасындағы 10 күндік уақытша бітім ресми түрде күшіне енді. АҚШ Президенті Дональд Трамптың тікелей араағайындығымен қол жеткізілген келісімнен кейін Ливанның оңтүстігінен бас сауғалаған мыңдаған босқын үйлеріне орала бастады. Қазір шекаралас аймақтарда көлік кептелісі байқалады. Алайда үйіне жеткендерді қуаныштан бұрын қираған үйінділер мен белгісіздік күтіп тұр.

ФАДЕЛЬ БАДРЕДДИН, ТҰРҒЫН:

Айналаның бәрі қираған, мұнда тұру мүмкін емес. Жаратқан иеміз жастарды сақтап, бізге жеңілдік берсе екен. Бұл сұмдық уақытша емес, біржола тоқтаса дейміз. Өз үйімізге, кәсібімізге алаңсыз оралғымыз келеді.

Ақ үй басшысы жақын арада Израиль премьер-министрі мен Ливан президентін Вашингтонда қабылдамақ. Бұл соңғы 40 жылдан астам уақыт ішіндегі қос ел арасындағы алғашқы мәнді келіссөз болмақ.

БЕНЬЯМИН НЕТАНЬЯХУ, ИЗРАИЛЬ ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ:

Мен келісімді ілгерілету үшін уақытша оқ атуды тоқтатуға келістім. Бұл бейбіт келіссөздерде біздің екі негізгі талабымыз бар: біріншіден, «Хезболланы» ауыздықтау. Екіншіден, күш арқылы бейбітшілік орнату.

Дегенмен Израиль тарапы әскерінің Ливанның оңтүстігінде қала беретінін және «Хезболланы» қарусыздандыру басты шарт екенін қатаң ескертті. Айта кетейік, наурыздың 2-сінен бері қақтығыс салдарынан Ливанда 2200-ге жуық адам қаза тауып, 1 миллионнан астам тұрғын үйлерін тастап қашқан болатын.

АҚШ ОРМУЗ БҰҒАЗЫН ҚЫСА БАСАДЫ

АҚШ Қорғаныс министрі Иранның теңіз порттарына қойылған блокаданың мерзіміне қатысты мәлімдеме жасады. Оның айтуынша, бұл шектеу шаралары аймақтағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін «қанша уақыт қажет болса, сонша» күшінде қалады. Пентагон бұл қадамды Иран тарапынан төнетін қауіпті тежеу және халықаралық су жолдарының қауіпсіздігін сақтау үшін қажет деп санайды. Шектеу тек аймақтағы жағдай толық тұрақталғанда ғана алынуы мүмкін. Бұл мәлімдеме Таяу Шығыстағы геосаяси текетірес өршіп тұрған тұста жасалып отыр.

ҰШАҚ ОТЫНЫ ТАУСЫЛУҒА ЖАҚЫН

Егер қазіргі жеткізу тізбегіндегі іркілістер жалғаса берсе, Еуропада авиаотынның небәрі алты аптаға ғана жететін қоры қалуы мүмкін. Бұл туралы Халықаралық энергетикалық агенттік ескертті. Таяу Шығыстағы дағдарыс біржақты болмаса, жақын арада әуе рейстері жаппай тоқтатылуы мүмкін. Қалыптасқан жағдай Ормуз бұғазы арқылы өтетін мұнай, газ және басқа да өмірлік маңызды ресурстар ағынының тоқтауымен байланысты. Бұл апатты жағдай жаһандық экономикаға айтарлықтай кері әсерін тигізеді.

КУБА ҚАУІПТЕНІП ОТЫР

Куба президенті Мигель Диас-Канель ел азаматтарын сыртқы басқыншылыққа, атап айтқанда АҚШ-тың ықтимал шабуылына қарсы тұруға шақырды. Гаванада өткен социалистік революцияның 65 жылдығына арналған ауқымды шеруде мемлекет басшысы Вашингтон тарапынан төніп тұрған қауіптің күшейгенін ескертті. Бұл мәлімдеме АҚШ Қорғаныс министрлігінің Кубаға қарсы әскери операция жоспарын әзірлеп жатқаны туралы ақпарат тараған тұста жасалып отыр. Айта кетейік, АҚШ президенті Дональд Трамп бұған дейін Венесуэла мен Ираннан кейін Кубаның келесі нысана болатынын ашық мәлімдеген болатын.

КҮН КӨРУ ҚИЫНДАП КЕТТІ

Венесуэланың АҚШ-қа тәуелділігі артқанымен, жағдайы жақсара қойған жоқ. Ел астанасында жұмысшылар мен саяси тұтқындардың туыстары жаппай шеруге шықты. Наразы топ Каракастағы АҚШ елшілігіне бет алып, жалақыны көтеруді және елде демократиялық сайлау өткізуді талап етті. Социалистік билік орнаған елде сирек кездесетін көрініс – шерушілер қолдарына Венесуэла байрағымен бірге Америка туын да ұстап шыққан. Олар дипломатиялық өкілдікке өз талаптары жазылған құжаттарды табыстап, АҚШ-тың жаңа сенімді өкілімен кездесуді сұрап отыр.

ДЖАНЕТ САЛАЗАР, ЗЕЙНЕТКЕР:

3 қаңтарда АҚШ Мадуроны биліктен тайдырғанда біз қатты қуандық. Енді бостандық заманы туды деп сендік. Содан бері бірде үміттеніп, бірде түңіліп жүрміз. Біз Дональд Трамп бастаған АҚШ әкімшілігінен біздегі жағдайды реттеу үшін нақты әрі батыл қадамдар жасауды талап етеміз.

Айта кетейік, Венесуэладағы ең төменгі жалақы 2022 жылдан бері небәрі 130 боливар көлемінде қалып отыр. Бұл теңгеге шақсақ бар болғаны 130 теңге ғана. Дегенмен түрлі бонустарды қосқанда кейбір мемлекеттік қызметкерлердің табысы 70 мың теңгеге дейін жетеді. Осыдан бір апта бұрын да жалақыны өсіруді талап еткен жұмысшылар президент сарайына бет алып, полициямен қақтығысқан болатын. Жергілікті жұрт Трампқа қараша халықтың қамы емес, қара алтын керек болғанын түсінбеген секілді.

ҰСТАЗДАР КӨШЕГЕ ШЫҚТЫ

Түркия астанасында білім беру саласының қызметкерлері мен кәсіподақ мүшелері Білім министрлігінің алдына жиналды. Наразы топ ведомство басшысы Юсуф Текинді қызметінен кетсін деп талап етуде. Бұған соңғы екі күнде мектеп ішінде болған екі бірдей атыс себеп. Қанды оқиғадан кемі 10 адам қаза тапты. Мұғалімдердің айтуынша, мемлекеттік мектептерді қаржыландырудың азаюы мен қауіпсіздіктің нашарлығы осындай трагедияға алып келген.

ДИЛЕК ЧАКМАН, БІЛІМ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМ ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІ КӘСІПОДАҒЫНЫҢ МҮШЕСІ:

Ең алдымен, бұл зорлық-зомбылықтың түпкі себебін зерттеу керек. Өйткені агрессия – салдар ғана. Оны оқушының тек жеке басының мәселесімен байланыстыруға болмайды. Балаларды қылмысқа не итермелегенін түсіну үшін ауқымды зерттеу қажет. Сонымен қатар мектептердегі қауіпсіздік шараларын шұғыл күшейту керек.

Айбек Қосан
← Барлық жаңалықтар